Созақ ауданында жер асты суларын зерттеу жұмыстары жүргізілуде

Қысқаша

Бұл туралы аудандық мәслихаттың кезекті 45-інші сессиясында ауданда атқарылған жұмыстардың жеті айлық қорытынды есебінде айтылды.

5 елді мекендегі ауыз су құбырларының құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілгенде Созақ ауданы тұрғындарының 82 пайызы орталықтандырылған құбыр арқылы таза ауыз су тұтынатын болады. Бұл туралы аудандық мәслихаттың кезекті 45-інші сессиясында ауданда атқарылған жұмыстардың жеті айлық қорытынды есебінде айтылды.
– 2018 жылы Шолаққорған ауылдық округінің Ақшам, Теріскей мөлтек аудандары мен Таукент кентіндегі саяжайды тәулігіне 24 сағат сумен қамту мақсатында жобалау сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, қаржы қарау жөнінде облыстық бюджетке ұсынылған. Нәтижесінде осы жылы Шолаққорған елді мекенінің Теріскей мөлтек ауданын ауыз су құбырымен жабдықтау жұмыстарына 100 млн теңге қаржы қаралып, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Аудандағы орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтылмаған 5 елді мекенге су құбырын жүргізуге, облыстық бюджеттен 2018-2019 жылдарға қаржы қаралған. Қазіргі таңда 5 елді мекен бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Созақ ауданы бойынша осы 5 елдімекенде су құбыры жүргізілгенде елді мекендер саны 29-ға жетіп 82 пайызды құрайтын болады. Ал, Сарыжаз, Балдысу, Қарабұлақ және Басбұлақ елді мекендерінің жер асты суын зерттеу жұмыстары жүргізілуде, 2019 жылы қорытындысы алынады, – деді баяндама жасаған аудан әкімінің орынбасары Бекзат Әлмағанбет.