Бейбарыс бірінші орынды жеңіп алды

Қысқаша

Аталған жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Австрия, Польша, Чехия, Швейцария, Пәкістан елдерінен 23 спортшы қатысты.

Шілде айының 11-19-ы аралығында Чехияның Пардубице қаласында «Czechen-2019» халықаралық зияткерлік ойындар фестивалінде Бәйдібек ауданынан барған ұлттық ойынның шебері Бейбарыс Батырбек Қазақстан құрамасы сапында бақ сынап, тоғызқұмалақтың блиц түрінен жеңіске жетіп, бірінші орын тұғырынан көрінді. Аталған жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Австрия, Польша, Чехия, Швейцария, Пәкістан елдерінен 23 спортшы қатысты.
Еліміздің көк байрағын Чехияда желбіреткен Бейбарыстың ұстазы, ауданда спорт мектебінің жаттықтырушысы Қалабай Қасқатаев тағы да бір қуанышты хабарды жеткізді. Жеңімпаз Бейбарыс Батырбек тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын қорғапты. Бұл – ұстаз бен шәкірт еңбегінің жемісі.
Қалай десек те ұлттық ойын тоғызқұмалақтан халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүрген аудан жастары елдің мақтанышы әрі өзгелерге үлгі.