Бәйдібек ауданында жұмыс іздеген әрбір жасқа мемлекет тарапынан
түрлі бағдарламалар мен қолдаулар жасалған. Нәтижелі жұмыспен қамту
бағдарламасы аясында жұмыссыз жастарды кәсіпкерлікке оқыту арқылы
олардың өз кәсібін ашуға қолдау білдірілуде.
– «Атамекен» Ұлттық
кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өңірлердегі қаржылық сауаттылықты
арттыру, жаңа бизнес көздерін ашу, халықтың әл-ауқатын жақсарту
мақсатында «Бастау Бизнес» жобасы кәсіпкерліктің негіздері бойынша тегін
оқытатын семинарларды өткізуге ұйытқы болып, бұл жоба бойынша «Нәтижелі
жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға
арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданымызда 20-ға жуық
жастарымыз өз білімін алып, кәсібін ашуға бет бұрды, – дейді аудандық
«Жастар ресурстық орталығының» басшысы Асыл Абжалов.
Жұмыссыз
жастардың жазғы уақыттағы демалысын тиімді пайдалану мақсатында құрылған
«Жасыл Ел» еңбек жасағының мақсаты – аудандағы көгалдандыру жұмыстарына
үлес қосу. Биыл 150-ге жуық аудан жастары осы бағдарлама аясында
уақытын тиімді өткізуде.