Түлкібастық тұрғындар енді емханада кезек күтпейді

Қысқаша

Түлкібастық тұрғындар енді емханада кезек күтпейді

калткысыз кызмет.jpg

 

Түлкібас аудандық емханасында жаңа қызмет көрсету орындарының ашылу салтанаты өтті. Шараның қызыл лентасын аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен мәслихат хатшысы Сәдуақас Сейсенбаев қиды.

 «Түркістан адалдық алаңы», «Әлеуметтік қызметтер орталығы», «Өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы» деп аталатын жаңа орындардың жұмысымен аудандық емхананың бас дәрігері Бақыт Тұрлыбеков таныстырды.
- Қазақстан күннен-күнге даму үстіндегі алып мемлекет. Біздің дамыған отыз елдің қатарына кіруге толық мүмкіндігі бар. Ауданымыз да әр күн сайын жаңаша түрленіп, гүлденуде. Оған тиісті мекемелердегі тиісті тұлғалардың ерен еңбегі себеп деп білемін. Аянбай төккен тер, қашанда нәтиже беретіні даусыз. Қарапайым халық үшін жасаған мына жұмыстарымызда көңілдеріңізден шығады деген сенімдеміз. Өйткені, алдағы уақытта баяғыша кезек күтіп, әр есіктің тұтқасын қағып табандарыңыздан тозбайтын боласыздар. Мына жердегі цифрлы теледидар арқылы тиісті дәрігеріңізге жазылып, ем қабылдау нұсқаулығын аласыздар. Тіпті, бұл жерге келмей-ақ арнайы сайтты қалта телефоныңызға тіркеп алып, үйде отырып-ақ дәрігеріңіз жайлы мәліметті толық оқи отырып, кезекке жазылуға болады. Бұл сіздердің қажеттеріңізге жарасын деп жасаған жаңа әрі тың дүниеміз. Сонымен қатар, сіздер «Адалдық алаңындағы» арнайы психологтармен жолығып,  проблемаларыңызды шешесіз. Таза әрі жайлы осындай алаңда отырып, кезек күтіп көңілдеріңізге тыныштық, күш пен жігер жинайтындарыңызға кепілдік мол. Қарапайым халыққа қалтқысыз, адал, таза қызмет көрсететін дәрігерлер мен емхана ұжымына алдағы уақытта сәттіліктер тілей отырып, үлкен сенім білдіремін, - деді емхананың бас дәрігері Бахыт Кеңесбекұлы. 
Одан әрі аудан әкімі арнайы нысандармен танысып, жөндеу жұмыстары аяқталған бірқатар орындарды аралады. Цифрлы теледидар-нұсқаушымен жіті танысып, халықты осыған үйрету жұмыстарын жүргізу керектігін тапсырды.

-Қарапайым халықты цифрлы ақпарат алуға үйрету керек. Ол үшін округ,ауыл-аймаққа түсіндіру жұмыстары жүргізілсін. Баспасөз беттерін пайдалана отырып, халыққа насихат жүргізіңдер,- деді Н.Тұрашбеков. Нәтижелі жүргізілген жөндеу жұмыстары алдағы уақытта халық игілігі үшін жарайды деген сенім білдіргендер легі жетерлік.