Әзірбайжан астанасы Баку қаласында маңызы жоғары екі бірдей мәдени оқиға өтті. Елімізден көш бастап барған қазақ делегациясы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра комитетінің 43-сессиясында маңызды келісімдерге қол жеткізді. Бұл іс – шаралар Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы халықаралық байланыстарды сақтау және дамыту бағытында ұйымдастырылды. Екі елдің қарым-қатынасын әрі қарай жақсарту мақсатын көздеген жиында Түркістан облысын әлемдік деңгейге көтеріп, Ұлы Жібек жолының дәстүрлі қолөнерін жандандыру және халықаралық туризмді дамыту мәселелері қаралды. Іс-шаралар арқылы «Бір белдеу – Бір жол» жобасын жүзеге асыру жоспарланған.
Туыстас елге жол тартқан Қазақстан делегациясын еліміздің Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев бастап барды. Дүниежүзілік мұра мәселелерін қараған отырыста Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы аумақты абаттандыру бойынша шешім қабылданды. Осы аймақтағы құрылыс обьектілерінің дүниежүзілік мұраға әсерін бағалау мәселелері де қаралды.
Сонымен қатар, Әзірбайжандық «ABAD» қоғамдық ұйымы мен Түркістан облысы әкімдігі арасында келісім – шарт жасалды. Құжат туысқан елдің АВАD моделінің негізінде Түркістан облысында халықтық сәндік-қолданбалы өнер саласында шағын және микро кәсіпкерлікті дамытуды көздейді. Әзірбайжан Республикасының Президенті жанынан құрылған ұйым азаматтарға және әлеуметтік инновацияларға қызмет көрсету жөніндегі мемлекеттік агенттік болып табылады. Өзара ынтымақтастықты көрсететін құжатқа «ABAD» ұйымының директоры Руфат Эльчиев пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев қол қойды.
Түркістан облысының делегациясы Әзірбайжан қолөнершілерінің бірінші республикалық фестиваліне қатысып, екі ел мәдениетінің өзара тығыз байланыста екендігіне көз жеткізді.
Сапар барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев Түркістан қаласындағы Шығыс базарының құрылысы бойынша әлеуетті инвесторлармен кездесті. Әзірбайжан инвесторлары бұл салаға да қызығушылық танытты. Алдағы уақытта ынтымақтастықты егжей-тегжейлі талқылау және өңірдегі инвестициялық жобаларды іске асыруды бастау үшін жауапты сапар жоспарланып отыр.