Әкеден қалған кәсіпті жалғастырған ұл

Қысқаша

Әкеден қалған кәсіпті жалғастырған ұл

1562321700407949.jpg

Бүгінде шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау жеткілікті. Осындай қолдауларды тиімді пайдаланып жүрген шаруалардың бірі – Ұлықбек Мырзакерімов.

Ол төрағалық ететін «Қибай» шаруа шаруашылығы Қазығұрт ауданындағы «Аманқұлбаба» жайлауын жайлап отыр. Бұл шаруашылық оған әкесінен қалған. Ұлықбек ағамыз 2005 жылдан бері «Қибайдың» шаруасын түзеп, оның жұмысына өзі жетекшілік етуде. Малдың бағым-күтіміне 5 адам қарайды.  Шаруашылықта 400 саулық, 100 ірі қара (оның елуі сауын сиыр) бар. Одан басқа Солтүстік Қазақстан өңірінен әкелінген ақ бас бұқалар өсірілуде. Ағамыз шаруашылық есебінен ауылдағы аз қамтылған отбасыларға жем-шөп, отын үлестіріп тұрады. Әкімшілік өткізген шараларға да демеушілік жасайды.

– Соңғы жылдары мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге шынайы көңіл бөлінуде. Мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы 2016 жылы 3 миллион теңге қаржы алып, шаруашылығымды одан әрі кеңейтуге мүмкіндік алдым, – дейді Ұлықбек Рысқұлбекұлы.

Оның мақсаты – мал санын көбейту ғана емес, асыл тұқымды қой өсіру. Жыл сайын Қызылқия ауыл округінің қой шаруашылығынан 7 қошқар әкеліп, күйекке жіберуді үрдіске айналдырған. Ет бағытындағы асыл тұқымды мал өсіруге «Аманқұлбаба» жайлауы өте қолайлы. Жайлаудың шөбі шүйгін, айналасында 5 бастау бар, шаруаға жайлы. 25 малға арналған шағын мал бордақылау алаңы іске қосылған.

Жалпы, «Қибай» шаруа шаруашылығы «Нива» автокөлігі, МТЗ-80 тракторы, шөптайлағыш, «Газ-53» жүк көлігімен қамтамасыз етілген. 50 гектар егістік алқапқа негізінен бидай мен жоңышқа егеді, одан 100 тоннаға жуық өнім алады. 1 гектар суармалы жерге терек отырғызған. Бау-бақшасындағы 100 түп алма, 100 түп алхоры жыл сайын жеміс береді. 

Бүгінде Қазығұрт ауданының Жаңабазар ауыл округінде 2751 жылқы, 6269 ірі қара, 17059 уақ мал, 5034 құс бар. Сондай-ақ, 14131 гектар жайылым, 6893 гектар шабындық, 8143 гектар егістік жер бар, суармалы жер – 373 гектар, бау 161 гектарды құрайды. Жыл сайын малдың саны көбейіп, өндірілетін өнім көлемі де молайып келеді. Былтыр 1575,4 гектар жерге егін егілген. Оның 925,3 гектарына күздік, 650,1 гектарына жаздық бидай егілген. Одан 3988,4 тонна, яғни әр гектарынан 25 центнерден өнім алынған. Округте 17 өндірістік кооператив, 3 ЖШС, 584 шаруа қожалығы жұмыс істеп тұр.