Түлкібастық спортшы байрақты бәсекеде топ жарды

Қысқаша

Түлкібастық спортшы байрақты бәсекеде топ жарды

Screenshot_6.jpg

Түлкібас ауданы спортшылардан кенде емес. Қымызы балдай, жемісі нәрлі, ауасы саф, өзен-көлдері мөп-мөлдір, табиғаты тұмса Түлкібас төрінде өскен азамат осал болмасы белгілі. Осы уақытқа дейін Түлкібастан шықан спортшылар көптеген жарыстарда топ жарып, биіктерден көрінді. Мысалы, еркін күрес шебері Ермек Байдуашов өзінің еңбегінің арқасында Лондон Олимпиадасына қатысу бақытына ие болды.  Дегенмен, Олимпиада төрінде оған бақ жетіспей, жүлделі орынға ілікпей қалып еді.

Дегенмен, бұл сәтсіздіктен тоқырап тұрған Түлкібас спорты жоқ. Бүгінде көптеген жас дарындар байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүр. Жуырда ғана дзюдо күресінен Қазақстан чемпионы атанған Түлкібас ауданының тумасы Ғалымжан Қырықбай Шаяхметұлы Италияның Неаполь қаласында өтіп жатқан ХХХ-шы дүниежүзілік универсиаданың абсолюттік салмақ дәрежесінде Қазақстан тарихындағы алғашқы алтын медальға қол жеткізіп, елдің мерейін үстем етті. 

Алғашқы белдесуде Ғалымжан түркменстандық Ибрагим Союновпен күрессе, екінші айналымда германиялық Бенжамин Боюзгарнмен кездесіп екі айналымда да жеңіске жеткен. Ширек белдесуде өзбекстандық Давлат Бобоновты ұтса, жартылай финалда қырғыз балуаны Ерлан Шеровтан басым түсті. Универсиаданың финалдық белдесуінде Ғалымжан Қырықбай франциялық Хадриен Ливольсиді жеңіп, осылайша Қазақстан тарихында тұңғыш рет дзюдо күресінен чемпионы атанды.

Ғалымжан Қырықбай Шаяхметұлы - 1997 жылы 7-ші қарашада қазіргі Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Азаттық ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Дзюдо күресімен 14 жасынан бері шұғылданып келеді. Алғашқы бапкері Құрамысұлы Бекжан.

Бүкіл Қазақ еліне қуаныш сыйлап, Қазақстан елінің көкбайрағын Италия жерінде желбіреткен Ғалымжан Шаяхметұлы алдағы байрақты бәсекелерде еліміздің абыройын асқақтата береді ден сенеміз.