Түлкібаста туризм саласы жандануда

Қысқаша

Түлкібаста туризм саласы жандануда

Түлкібас – тек Түркістан облысына ғана емес, бүкіл Қазақстанға өзінің тұмса табиғатымен, көкорай шалғынымен, жасыл-желегімен танымал. Осыған орай, Түлкібасты бейресми түрде – екінші Швейцария деп айтып жатады. Расында "Ақсу-Жабағылыдай" флора мен фаунаға бай қорығы бар Түлкібасқа Швейцариядай туризм орталығы болуға мүмкіндік мол. Оған таңғажайып табиғаты өз әсерін тигізіп отыр. Ендігі қалғаны, әкімдік тарапынан табиғат ішіне қажетті инфрақұрылымдар жүргізу. Тиісті нысандар салу. Кәсіпкерлерге жағдай жасау. Әрине, бұл нысандар табиғатқа залал келтірмесе болды. Яғни, құрылыс жұмыстарын табиғатпен үндестіре, үйлестіре білген абзал.   

Статистикалық мәліметтер келтіре кетсек, Түлкібасқа жыл басынан бері жалпы 5362 турист келген. Оның ішінде 473 шетел азаматтары. Бұл көрсеткіштер былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 840 туристке немесе 9 пайызға артып отыр. Осыдан-ақ, сырт елдерде Түлкібасқа қызығушылар саны артқанын байқауға болады. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш өсе түседі. Сапалы қызмет болған жерде келетін туристер саны да артпақ. Әрине, орналастыру орындары болмаса туризм де болмайды. Аудан аумағында 2 қонақ үй: «Карима» және «Ережеп Ата», 2 емдік-сауықтыру орыны: «Ақсу-Жабағылы оңалту сауықтыру кешені» және «Ақ-бұлақ балалар өкпе құрт емдік шипажайы», 7 балалар сауықтыру лагері: «Машат-Арасан», «Таң нұры», «Машат Ерке», «Арман», «Б.Саттарханов», «Отырар», «Орбита», 18 демалыс аймақтары келіп демалушы қонақтарға қызмет көрсетеді. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің Түлкібас ауданы аумағында да жол бойы қызмет көрсету орталықтары жұмыс істеп жатыр. Бұл орталықтар күндіз-түні жұмыстарын тоқтатпай, сапаға баса назар аударуда.  

Сонымен қатар Гүлдер, Водник балалар лагерлерін де қайта құрылымдау, қалпына келтірту жұмыстары жүргізілуде. 

Аудан аумағында туризм саласын дамытуға бағытталған біршама инвестициялық жобалар биыл іске қосылуы жоспарланып отыр. 

Жалпы, биыл ауданда туризм саласын дамытуға орай бірнеше жоспарлап түзіліп, жобалар жүзеге асуда. Нәтижесінде, алдағы уақытта шетелден келетін туристер саны артатыны кәміл.