Түркістан облыстық мәдениет басқармасы төл тарихымызды жаңғырту мақсатында мұндай шараларды өңірімізде ғана емес өзге облыстарда да өткізіп келеді. Айталық облыстағы «Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейі» ұжымының атсалысуымен әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай Қызылорда облысы, Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Түркістанның тұлғалары мен мұралары» атты көшпелі көрмесі ұйымдастырылды. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы аясында өткен маңызы зор көрмеге облыстың ұлы тұлғалары - ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби, ақын Майлықожа Сұлтанқожаұлы, күйші Сүгір Әліұлы, мәдениет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтерге қатысты түпнұсқа жәдігерлер мен Отырар қалажұртынан табылған археологиялық, нумизматикалық артефактілер және Арыстанбаб кесене-мешітінде 1930 жылдарға дейін болған мұсылман кітапханасының кітаптары, жалпы саны 62 дана жәдігер қойылды. Мұндағы өткеннен сыр шерткен әрбір жәдігер сол заманға жетелеп апарғандай.
Мәдени қызметкерлер, өлкетанушылар, зиялы қауым өкілдері мен оқушылар қатысқан көрме көпшіліктің көңілінен шықты.
.