Әйгілі «Сұлтан Сүлеймен» фильмі түркиялық көрерменді ғана емес бүкіл Орта Азия елдерінің көрерменін жаулап алған еді. Бауырлас елдің киноиндустриясында тарихи фильмдердің көшінде «Сұлтан Сүлейменнен» кейін «Ертұғрыл» сериалы тұр. Жаужүрек батырдың ерлігі суреттелген туындының режиссері Метин Гюнайға Қазақстан «сырға салып» қойған болатын. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың ұсынысымен танымал режиссер елімізде Қасым хан туралы фильм түсірмек. Таяуда Метин бей Отырар ауданына ат басын бұрды. Режиссердің киелі мекенге аяқ басуының себебі фильмнің алғашқы кадрлары дәл осы киелі жерден бастау алмақ.
– Ата топырағымызға келгеніме қуаныштымын. Біздің тарихымыз ортақ. Үлкен іс жасауды жоспарлағандықтан шынайы, тарихи жерлерді қарастырудамыз. Тағы да үш мекен жоспарда бар, – деген түркиялық қонақ Отырар, Сауран жерлерін аралап шықты.
Гюнайдың айтуынша тарихи қалашықтар кино алаңына таптырмас орындар.
– Фильмнің сценарийін жазу барысында Қазақстандағы тарихи жерлер туралы да көп іздендім. Түркістан қазақтың хандары мен батырларының сүйегі жатқан жер. Отырартөбе мен Сауранның деректері мен тарихи іздері фильмде көрініс тапса деген ой туындады, – дейді ол.
Тамыры терең тарихымыз бен батырлар жолын тек Қазақстанға ғана емес дүниежүзіне танытуды көздеп отырған М.Гюнай үш жыл ішінде әр маусымда 25 сериалдан түсірмек. Туындының сценарий авторы да режиисердің өзі. Ауқымды жобаның түсірілім жұмыстарына Мәдениет және спорт министрлігі кеңінен қолдау танытуда. Осы мақсатта қазіргі таңда Отырар, Сауран, Сарайшық қалаларындағы тарихи орындарға реставрациялық жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақала аясында Отырар қалажұрты сапар орталығы салынуда. Сапар орталығын салудағы басты мақсат Отырар оазисінің мәдени мұрасын еліміз бен шет елдерде насихаттау, Отырар қорық-музейінің территориясында орналасқан тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және олардың сақталуын қамтамасыз ету, сонымен қатар, туризм саласының заманауи талаптарына сай туристік орталық қалыптастыру болып табылады.
Жобаны жүзеге асырушылардың мәліметінше киноға тек қазақстандық актерлар түседі. Кастинг жуық арада жарияланып, үміткерлер іріктеуден өтпек. Сондай-ақ, түсірілімде киілетін киімдер арнайы таныстырылатын болады.
Айта кетсек, Мәдениет және спорт министрлігі Сауран қалашығының тарихи келбетін сақтай отырып, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, туристік орталыққа айналдыру керектігін айтқан болатын.
Қазақ Ордасының негізін салушы, қол бастауда да, ел басқаруда да ежелгі ата-дәстүрін меңгерген Қасым хан туралы 75 сериялы фильм белгілі сұлтан, даңқты бахадүрдің қайраткерлік жолын көрсетпек.