Сан емес сапа маңызды

Қысқаша

Әлемде ядролық қарудың қоры азайып келеді

сан емес.jpg 

Әлемде ядролық қарудың қоры азайып келеді. Алпауыттар сан емес сапаға мән беріп, ақшаны негізінен ядролық арсеналды жаңартуға жұмсап жатыр. Стокгольмдағы бейбітшілік проблемаларын зерттеу институтының есебінде осыған қатысты біраз мәліметтер келтірілген.

 

 

2019 жылғы жағдай бойынша ядролық қаруға тоғыз мемлекет ие. Олар-АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Израиль және Солтүстік Корея. Аталған елдердегі жалпы ядролық қарулардың жиынтығы 13 865 бірлікті құрайды (2018 жылы оның мөлшері 14 465 бірлік еді). Ядролық қарулар негізінен Ресей мен АҚШ-та қысқарған. Дегенмен аталған қос державаның ядролық қаруы жалпы әлемдегі осы тектес қуатты қарудың 90 пайызын құрайды. Осының өзінен-ақ АҚШ пен Ресей әскерінің қаншалықты қуатты екендігін бағамдей берсеңіз болады.

 

Сарапшылардың айтуынша, қос держава соңғы уақытта ядролық қаруды жасап шығарудың әдіс-тәсілдерін де жаңғыртқан. Ядролық қаруды қысқартудың тағы бір себебі-АҚШ пен Ресей арасында қуатты қарулардың санын қысқарту жөнінде келісім бар. Бұл келісімнің күші 2021 жылы аяқталады. Қалған жеті мемлекет те қарап отырған жоқ. Олар да мүмкіндігінше қарулардың сапасын жақсартуға мән беруде. Қытай, Үндістан, Пәкістан сияқты елдер тіпті ядролық оқтұмсықтарының санын соңғы жылдары айтарлықтай көбейткен. Солтүстік Корея 2018 жылы ядролық қаруды сынақтан өткізуге мораторий жариялаған. Бірақ соған қарамастан ядролық қару аталған елдің ұлттық қауіпсіздігінің ең басты бағыты, дәлірегі ең негізгі сүйеніші болып отыр.

 

Ядролық қаруы бар елдерді ресми емес тілде «ядролық клуб» деп атайтын дәстүр қалыптасқан. Клубқа алғаш мүше болған ел АҚШ (1945 жылы). Жойқын қаруға Кеңес Одағы 1949 жылы, Ұлыбритания 1952 жылы, Франция 1960 жылы, Қытай 1964 жылы, Үндістан 1974 жылы, Пәкістан 1998 жылы, Солтүстік Корея 2006 жылы қол жеткізді.

 

Израиль өзінде ядролық қару бар екенін ресми түрде мәлімдеген емес. Дегенмен сарапшылардың пікірінше,  аталған елде қуатты қару алпысыншы жылдардың аяғы мен жетпісінші жылдардың басынан бері бар. Уақтысында Оңтүстік Африка елінде  аздаған ядролық заряды болған. Ол тоқсаныншы жылдардың басында ерікті түрде жойылды. ОАР әлемде ядролық қаруды  өз еркімен жасаған және одан өз еркімен бас тартқан жалғыз ел. Украина, Беларуссия, Қазақстан 1992 жылы Лиссабон хаттамасы бойынша ядролық қаруы жоқ ел деп жарияланып, 1994-1996 жылдар аралығында өзіндегі барлық ядролық қаруды Ресейге берді.

 

Кезінде Швеция, Бразилия, Аргентина, Ливияда  ядролық бағдарлама болған. Бірақ олар әртүрлі себептермен бағдарламаны жалғастырудан бас тартқан. Ядролық бағдарламасынан еріксіз түрде бас тартқан ел – Ирак. Қазіргі уақытта державалардың ең басты проблемасы Иран болып отыр. Сарапшылар Иран ядролық қаруды жасап шығарудың табалдырығында тұр деп есептейді. Егер парсылар қуатты қаруға қол жеткізсе, ол әлемдік саясатқа міндетті түрде өз әсерін тигізеді. Дұрысы осыдан кейін алпауыттар Иранмен арадағы қарым-қатынасты қайта қарауға мәжбүр болады. 

 

Жапония мен Германияның ядролық қаруы болмағанымен, бұған қажетті ғылыми-өндірістік база жеткілікті. Егер бұған жоғарыдан рұқсат беріліп, қаржыландырылса, аталған қос ел ядролық қаруды қысқа уақытта жасап шығара алады.

 

Уақыт өткен сайын ядролық қару да қарапайым соғыс құралына айналып бара жатқан сияқты. Алайда атом бомбасын қолданса, оның зардабының қандай болары бәріне белгілі. Осы уақытқа дейін ядролық қаруды әскери мақсатта қолданған жалғыз ел – АҚШ.  1945 жылдың тамызында  Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбаларынан жүз мыңдаған адам мерт болды.

 

Рейтинг газеті