Ауыл кәсіпкерлері жеңілдікпен қаржыландырылады

Қысқаша

Сертификат алған соң, жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуден өтіп, несиелеуге жолдама алады.

Screenshot_13.jpg

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Түркістан филиалы директорының міндетін атқарушысы Талғат Жанисенов «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында ауылдық жобаларды қаржыландырудың басталғанын мәлімдеді. Маманның айтуынша  2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Түркістан филиалы аталмыш бағдарлама бойынша 601 млн. теңге сомасына 41 несие берген. Ал өткен жылы 3 млрд теңгеге 700-ден астам несие берілген. Қор 2013 жылдан бері ауыл кәсіпкерлерін қаржыландыруды көздейтін бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың қаржылық операторы болып келеді. 2017 жылдан бері Қор «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағытын жүзеге асырады.

Қор ауылдық жобаларды түрлі бағыттар бойынша қаржыландырады. Мысалы, «Игілік» бағдарламасы бойынша ірі қара мал, ұсақ мал, түйелер, құстар, бал араларын сатып алу қарастырылған болса, «Кәсіпкер» жобасы - ауылдағы барлық бизнес түрлерін дамытуға бағытталған.

«Биыл Түркістан филиалы тарапынан 6,8 млрд. теңге заем беру жоспарланған. Оның ішінде «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында – 3,3 млрд. теңге қарастырылған. Нәтижелі жұмыспен қамту қаражатын қайта инвестициялау арқылы 725,3 млн. теңге, қордың жеке қаражатынан – 2,7 млрд. тенге бөлу көзделіп отыр», - деді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Талғат Жанисенов.

Қордың биылғы жылға қаржыландырудың негізгі бағыттары: «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Игілік» және «Кәсіпкер» несие өнімдері; етті мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасы аясында «Сыбаға» несиелік бағдарламасы; тауарлы сүт фермаларын дамытуға бағытталған «Ырыс» бағдарламасы бойынша қаржыландыруды жалғастыру жоспарлануда.

Қазіргі уақытта Қордың Түркістан филиалында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында өтінімдерді қабылдау басталды. Ауыл тұрғындары жеңілдетілген несие алу үшін аудандық Жұмыспен қамту орталығына барып, кәсіпкерлік негіздеріне оқытылуы тиіс. Сертификат алған соң, жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуден өтіп, несиелеуге жолдама алады.