Төле би ауданы Бірінші Мамыр ауылдық округіне қарасты Тағайна ауылының тұрғындары осы уақытқа дейін ауыз суды есік алдындағы 7-8 метр тереңдіктегі құдықтан, Бадам өзенінен, бұлақтардан сүзілмеген күйде тұтынып келген еді. Ал, өткен жылы ел игілігіне берілген құбыр арқылы жеткізілетін таза ауыз су жер астынан 400 метр тереңдіктен алынып, сүзгіден өткізіледі. Қазіргі таңда Тағайнада 300-дей отбасы бар. Барлығы денсаулыққа зиянсыз табиғи, таза ауыз суды тұтынуда.
Салаға жауапты мамандардың айтуынша аудандағы 55 ауылдың 53-і орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтылған. Қалған екеудің бірі Ақайдар ауылының биыл құжаты әзірленсе жыл соңына дейін тұрғындар тіршіліктің көзі таза суға қанық болады деп күтілуде. Келесі кезек Жаңакүш ауылында. Аудан тұрғындары үшін ауыз судың бір кубы 87 теңгеден болса оның 30 теңгесін тұрғындар төлеп, қалған 57 теңгесі республикадан бөлінген қаржы ретінде субсидияланады. Қорыта айтқанда Президенттің ауыл-аймақтарды таза ауыз сумен 100 пайыз қамту керек деген тапсырмасы ауданда уақытылы орындалып келеді.