ТЕМЕКІ ШЕГЕТІНДЕР ТЕГІН ТЕКСЕРІЛЕДІ

Қысқаша

31 мамыр – Дүниежүзілік темекіге қарсы күрес күні. 1988 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен қолға алынған дәстүрлі шара биыл «Темекі және өкпе аурулары» тақырыбына арналады.

0cabec16-2b0a-49ad-a7c2-231bbffaf4de.jpg

Шылымқорлық – әлемдегі ең үлкен зиянды әдеттердің бірі. Қазіргі таңда әлемдегі әр төртінші еркек пен әр жиырмасыншы әйел никотинге тәуелді саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен көптеген елдер оған күреске барынша күшін салып келеді. Өкінішке орай, темекі мен сигара бағасын көтеру, темекі өнімдерін жарнамалауға тыйым салу, тіпті, қоғамдық орындарда шылым шегуді шектеу де әзірге оңды нәтиже бермей тұр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәліметінше, жыл сайын әлемде 7 миллион адам темекі салдарынан көз жұмады. Соның 890 мыңға жуығы өзгелер шеккен шылымның түтініне уланғандар. Олардың арасында темекі өсіретін елдерде тұратын балалар да бар. Яғни, пассивті шылымқорлық та біз ойлағандай қауіпсіз емес. Ол жүрек-қан тамыры, жүректің ишемиялық ауруы, өкпе, өңеш, асқазан обыры сынды т.б. аурулардың бірден-бір себепкері.

Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын ауруханаға жататын тұрғындардың 68 пайызы немесе 2 миллионға жуық адам – шұғыл жағдайда жеткізілгендер. Былайша айтқанда, әрбір оныншы адам өміріне қауіп төнбейінше емдеу мекемелерінің табалдырығынан аттамайды деген сөз. Ал, өлім-жітім жағынан алғашқы орында тұрған жүрек-қан тамыры аурулары, тыныс алу органдары аурулары мен қатерлі ісіктің қай-қайсысы да шылымқорлық салдарынан болатын дерттер. 

Шын мәнінде, егер ішкі органдарды жыл сайын тексеріп отыратын болса мұның алдын алуға болар еді, дейді мамандар. Темекі шегетіндер үшін жүрек пен өкпені тұрақты бақылауда ұстаудың маңызы зор. Оның үстіне, мемлекет халыққа жәрдем ретінде кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетін ұсынады. Аталған пакетке жалпы практика дәрігерінің қабылдауы мен консультациясы, көздің көру қабілеті мен көз қысымын тексеру, қандағы холестерин, глюкоза деңгейін тексеру үшін қан тапсыру, электрокардиограмма, флюорография, спирография сынды қызметтер кіреді. Организмде шылымның салдарынан болып жатқан өзгерістер мен ауытқуларды осы процедуралар арқылы ертерек анықтауға болады.



31 мамыр – Дүниежүзілік темекіге қарсы күрес күні

Темекі және өкпе аурулары

ДЕНСАУЛЫҒЫҢДЫ ТЕГІН ТЕКСЕР!!!

ШЫЛЫМҚОРЛАРҒА АРНАЛҒАН ЖАДНАМА 

Жалпы практика дәрігерінің қабылдауы мен консультациясы

Көздің көру қабілетін тексеру

Көздің ішкі қысымын өлшеу

Биохимиялық зерттеулер: қандағы холестерин, глюкоза деңгейін анықтау

Электрокардиограмма

Флюрография (15 жастан)

Спирография

Кепілдендірілген тегін медициналық көмек тізімі (ҚР Үкіметінің 2009 жылы 15 желтоқсандағы №2136 қаулысына қосымша)


 Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде көрсетілетін кепілдендірілген медициналық көмекті Қазақстанда тұратын әр азамат пайдалана алады. Бюджет қаражаты есебінен көрсетілетін көмек профилактикалық, диагностикалық және емдік қызметтерден тұрады.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының мәліметінше, биыл 39,7 млрд теңге емханалық-амбулаторлық көмекке бағытталады. Яғни негізінен профилактикалық шараларға ден қойылды. 

Оған қоса, тегін медициналық көмекті мемлекеттік қана емес, жеке меншік клиникалар да көрсетеді. Биыл мемлекеттік тапсырысты орындап жатқан 74 медицина ұйымының 34 – жеке меншік. Ал, мемлекеттік тапсырысты орындауға құлшыныс білдірген жеке субъектілердің саны жағынан Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қызылорда, Жамбыл облыстары көш бастап тұр.