Таупістелідегі тағылымы мол басқосу

Қысқаша

Таупістелідегі тағылымы мол басқосу

1556509722382952.jpg

Бүгін Түлкібас ауданы, Пістелі ауылында «Таупістелі тағылымы» халықаралық басқосуы өтті. Бұл жолғы басқосу – «Шерхан мен Насыр бауында» деп аталды. Бұл жолғы деуімізге себеп, аталған жиын алғаш рет осыдан 3 жыл бұрын «Түркі тілдес, түгел бол» тақырыбында өткен болатын. Сол жылы киелі Оңтүстік топырағында көзді ашып, көкіректі оятар көркем әдебиетті насихаттауда, желкілдеп өсіп келе жатқан жас жеткіншектерді білімді һәм ұлтжанды етіп тәрбиелеуге зор септігін тигізген «Таупістелі тағылымын» әрбір 3 жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу туралы келісілген еді. 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түлкібас ауданы әкімдігі мен «Мархабат-Мирас» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы Мархабат Байғұттың идеясымен өткен бұл кездесуге оның бір топ әріптестері сонау Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараздан ғана емес, көрші Өзбекстаннан да арнайы келді. Құтты мекенге жан-жақтан келген қонақтар Ұлы Жібек жолының бойындағы Тұрар Рысқұловтай қайраткер тұлғаға қойылған ескерткіш маңында жиналды. Мұнда олар ескерткішке гүл қойып сапарды жалғастырды. Келесі бағыт – Түркібасы әулие кесенесі. Түркі жұрты үшін маңызы зор бұл төбеге аялдаған қонақтар құран оқып, Тәңірінің асы – таңғы дәмнен ауыз тиді. 

Бағдарлама көркі – Таупістеліде қызды.  Көк масаты кілем үстінде қоныс тепкен Пістелі жұрты қонақтарды зор құрметпен қарсы алды. Олар жазушы Мархабат ағаның шаңырағында балдай тәтті қымыздан ішіп, Шерхан мен Насыр бауының тарихына қанды. Бұл бауға ширек ғасырдан астам уақыт бұрын заңғар жазушы Насыр Фазыл мен Шерхан Мұртаза тал отырғызыпты. Қос тұлғаның еккен талдары құт болып дарып, бау жайқалып өскен. Жылдан-жылға аумағы кеңейіп, жемісімен қуантқан. Қып-қызыл болып уылжып піскен алмадан тістегендер оның дәмін көпке дейін ұмытпаған.

Табиғат аясында Насыр Фазылдың 90 жылдығына және Шерхан Мұртазаның рухына арналған жиында ұрпақтар сабақтастығы орнап, аға буын өкілдері бұл өмірден көрген-білгендерін, түйген ойларын жас буын өкілдерімен бөлісті. Жастар жағы ағаларын құлақ қойып тыңдап, арнау өлеңдерін оқып берді. Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев мақамы бөлек жазушының туған жеріне алыстан ат арытып келген қонақтарға алғыс білдіріп, әдебиетке жанашыр жастарға рахметін айтты. Ұлтжанды жастар көп болғанда ғана ешкім елімізді балақтан тартып, жағадан ала алмайды.  

Жиын барысында аудан руханиятының кемелденуіне аянбай үлес қосып жатқан іскер әкім Нұрбол Тұрашбеков: 

– Кемеңгер жазушы Шерхан Мұртаза «Түлкібасы – тұлпарлар туған жер, сұңқарлар қонған жер» деп суреттеген Түлкібас жері – қазақтың мақтанышына айналған көптеген тұлғалар туып-өскен қасиетті мекен. Осындай киелі мекенде қанат қағып, білім қуып, жазушылық пен журналистиканы қатар алып жүрген азаматтың бірі Мархабат Байғұт! Оның шығармалары қазақ әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосып, мазмұны терең, тағылымы мол болғандықтан қалың оқырманның жүрегіне жол тауып, рухын шыңдап, әдебиет сүйер қауымның көзайымына айналған. Ағамыздың мұрындық болуының арқасында құрылған «Мархабат-Мирас» қоры қаншама талантты жастарды қолдау мақсатында түрлі жобаларды жүзеге асырды. Соның бірі – «Таупістелі тағылымы». Мінекей, бүгінгі басқосудың мақсаты – халық арасында көркем әдебиетті насихаттау, болашақ жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, оларды кітап әлеміне шақыру арқылы ой-өрістерін кеңейту, дамыту, дарынды жастардың шығармашылығына қолдау көрсету болып табылады. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, «Мархабат-Мирас» қорының ұйытқы болуымен өтіп жатқан әрбір жоба, әрбір жиын ойы орамды, сөзі өткір талай қаламгердің, жас буынның қанатын кең жаюына сөзсіз жәрдем етеді, - деп, жиналған қауымға шығармашылық табыс тілеп, жүрекжарды лебізін білдірді.

Несіпбек Дәутайұлы, Нармахан Бегалы, Есенғали Раушанов сынды қарымды қаламгерлер жастарға тәлім мен тәрбиесі мол әпсаналар айтып, сана-сезімдеріне сәуле жүгіртті. Басқосу соңында олар жастарға жолашар бата беріп, ақ жол тіледі.