“Кездесуде Елбасыға «Әлеуметтік қамқорлық» атты жаңа әлеуметтік шараларды түсіндіру жөніндегі үкіметтік жұмыс тобының қызметі туралы мәлімделді”,- деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Аталған сайттың таратқан ақпаратына қарағанда, Елбасы кездесуде Бердібек Сапарбаевты мақтаған.
– Тәжірибеңіз көп. Маңызды жұмыстарды атқардыңыз. Жақсы жұмыс істедіңіз. Көп сала бойынша Ақтөбе облысының көрсеткіштерін көтердіңіз. Сіз министрлікке осы саладағы жұмыстарды жақсарту үшін тағайындалдыңыз. Халқымыздың игілігі үшін белгіленген мәселелердің бәрін шешу қажет, – деген Елбасы.
Елбасының бұл сөздері зейнеткерлікке шығарып салатын адамға арналмағаны анық. Қайта Сапарбаевтың тәжірибесі Үкіметке әлі де қажет екендігін, оның карьерасының әлі де ұзаққа созылатынын дәлелдеп тұрғандай.
–Қазір әлеуметтік салаға бөлінетін қаражат мемлекет табысының жартысына жуығын құрайды. Барлық жұмысты жүйелендіру қажет. Ең алдымен азаматтарымыз жұмыс орындарымен қамтылуға тиіс. Әрине, белгілі бір жағдайларға байланысты жұмыс істей алмайтындар бар. Біз соларға көмектесуіміз керек, – деді Елбасы.
Ал Сапарбаев кездесуде өңірлерде тұрғын үй мәселелерін шешу және ерекше қамқорлыққа мұқтаж адамдарға қолдау көрсету үшін атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Бердібек Сапарбаев қызметтік жолында төрт облысқа әкім болған. Аталған министрліктің тізгінін осыменен бір емес екінші қайтара ұстап отыр. Биыл министрдің жасы 66-ға келді.
Үкімет пен Ақордаға әлі де керек Сапарбаев карьерасын қалай аяқтар екен?
Рейтинг газеті