Қосанов оппозиция ма, жоқ па?

Қысқаша

Қазақстанда алтыншы рет өтейін деп отырған президент сайлауына оппозиция өкілі түскен жоқ. Егер «Ұлт тағдыры» ұйымының атынан бақ сынап жатқан Әміржан Қосановты оппозиция деп есептемейтін болсақ.

e138a859ea022e4c6976447cd741849c_resize_w__h_820.jpg

«Азаттықтың» жазуынша,  оппозиция өкілдері президент сайлауына осыған дейін екі рет қатысқан. 1998  жылы қаңтардың 10-ы күні өткен президент сайлауына сол кездегі оппозиция атынан - Коммунистік партия жетекшісі Серікболсын Әбділдин  түсті. Ресми мәлімет бойынша ол додада  11,9 пайыз дауыс алды.  2005 жылы желтоқсанда өткен сайлауға оппозициялық “Әділетті Қазақстан” қозғалысынан Жармахан Тұяқбайдың түскені белгілі. Тұяқбай сол жолы сайлаушылардың даусын есептегенде 6,61 пайызын иеленді. Әрине, ресми мәлімет бойынша. 

 

2011 және 2015 жылы өткен президент сайлауына оппозициялық күштерден ешкім қатысқан жоқ. Сайлауда 1-2 пайыз дауыс алатын ұсақ-түйек кандидат бақ сынады. Нұрсұлтан Назарбаевтың екі додада 97 пайызға дейін дауыс алғаны белгілі.

 

Ал биыл маусымның 9-ы күні өтетін кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде тіркелген Әміржан Қосанов қол жинауға кірісер алдында өткізген брифингте өзін “Серікболсын Әбділдин мен Жармахан Тұяқбайдан кейін президент сайлауына қатысатын оппозиция өкілі” ретінде таныстырды. Алайда елдегі оппозиция белсенділері Қосановты өздерінің өкілі деп есептей ме?

 

ЖСДП-ның жетекшісі Ермұрат Бапи: “Съезд шешіміне байланысты біздің партия Әміржан Қосановқа тікелей қолдау көрсетпейді. Бірақ сайлауды бақылаймыз, 20 жылдан бері Әміржан Қосановпен бірге оппозицияда жүргендіктен оның оппозициялық белсенділігіне күмәнданбаймын. Партия мүшелері жеке тұлға ретінде Әміржан Қосановқа көмектесеміз, қолдаймыз десе қарсылық жоқ”, - депті “Азаттыққа” берген сұхбатында.

 

Оппозиция белсенділерінің айтуынша, таяуда оппозициядағы бір топ белсенді мен саясаткер Украина астанасы Киевке барып, сонда жүрген қазақстандық белсенділермен бірге жиын өткізген. 1 маусымда елордада әр облыстан кемі бес адам қатысатын Халық құрылтайы өтеді. Осы құрылтайда президент сайлауына бойкот жариялау мәселесі шешілуі мүмкін екен. Белсенділердің айтуынша, Әміржан Қосанов сайлауға бірер күн қалғанда «әділетсіз сайлаудан» бас тартатынын мәлімдеуі тиіс екен. Егер солай істесе, бұл оппозиция үшін үлкен жеңіс болып саналатын көрінеді.

 

Алайда бұл ұстаным Қосановты сайлауға қосқан «Ұлт тағдыры» белсенділерінің көзқарасымен үйлесе ме? Әйтеуір, Қосановтың өзі әзірге «Тоқаевтың басты қарсыласымын» деп жүр.

 

Рейтинг газеті