Украина халық билігіне қадам басты

Қысқаша

Украинадағы президент сайлауының нәтижесі, әсіресе қазақ әзілкештерін «оятып» өздерін тұлға сезінуіне түрткі болды. Бүгінде әлеуметтік желілерде Қоянбаев, Қабатов сынды әртістер сайлауға қатысты «саяси көзқарастарын» білдіріп, мәлімдемелер жасап жатыр.

Шоумен.jpg

Сайлау нәтижесінен кейін әзілкештерін "түгендей" бастаған қазақ елі ғана емес. Яғни Украинадағы сайлау посткеңестік елдерге көп жәйтті аңғартып та кетті. Зеленский де барлық посткеңестік елдерді Украинадан үлгі алуға шақырды. Сонымен, экзит-поллдың алдын ала нәтижесі бойынша, Украинадағы президент сайлауында сайлаушылардың 73,2% - әртіс Владимир Зеленскийге, 25,3% елдің қазіргі президенті Петр Порошенкоға дауыс берген. Сайлаушылардың 1,5% екі үміткерді де сызып тастаған немесе бюллетеньді бүлдірген. Украинаның барлық аймағында Зеленскийге көп дауыс берген. Тек Львов облысында Порошенко 64% дауыс жинаған.

 

Зеленский тәуелсіз Украина тарихындағы президент сайлауында ең жоғары дауыс алған бірінші үміткер. Сайлауға халықтың 62 проценті қатысқан. ОСК президент сайлауының екінші кезеңінің ресми қорытындысы 30 сәуірде жарияланады деп мәлімдеді. Саясаттағы тәжірибесі телеэфирдегі президент рөлінен аспаған Владимир Зеленский Украина телеарнасында президенттікке қол жеткізген мектеп мұғалімінің образын сомдау арқылы бүкіл елге танылып, халық сүйіспеншілігіне бөленді және параға жаны қас екенін насихаттап жүріп, саясат сахнасына көтерілді. Зеленский саяси платформасының түсініксіздігі мен мемлекеттік қызметтегі тәжірибесіздігі үшін талай сыналды. Бірақ  украиналықтар бүгінгі басшылықты орнынан кетіру үшін, бұл кемшіліктерге көз жұма қарап,  көндігіп, тележұлдызға дауыс берді.

 

Қазақстандық сарапшылар бұл сайлауды «Украина халық билігіне қадам басты» деп, Қазақстан билігі үшін «қорқынышты түспен тең» деп бағалады.  «Украинадағы сайлау халықтың саясаткерлер мен олардың идеологиясынан шаршағанын көрсетті. Сондықтан халық оларға қарсы Зеленскийге дауыс берді. Ал Қазақстанда мұндай ашық саясат жоқ»,- дейді сарапшылар. «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық ұйымының жетекшісі, бұрынғы депутат және оппозициядағы саясаткер Зәуреш Батталованың сөзінше, Украинада билік ауысу процесі заңды түрде реттелген. «Украинада барлық кандидаттарға үгіт-насихат жүргізіп, биліктегі президентпен тікелей пікірталасқа түсуге, өз бағдарламасы бойынша халықпен еркін жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Қазақстанда бәріне толықтай тыйым салынған. Жекелеген кандидаттар өз-өзін ұсыну арқылы сайлауға қатыса алмайды. Сайлау бюллетеньдерін ашық әрі әділ жолмен санау Қазақстан билігіне жат», -дейді саясаткер.

 Рейтинг газеті