Түркістан медицинасы жоғары қарқынмен дамуда

Қысқаша

Жуырда Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған жұмыс тобы Түркістан өңіріне келген болатын. Осы жұмыс тобының құрамында Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева да болды.

 Лаззат Актаева (1).jpg

  Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевпен бірге Түркістан облысының бірқатар медициналық мекемелеріне барды. Алдымен Түркістан қалалық орталық емханасына бас сұқты. Облыста алғашқылардың бірі болып тұрғындарға қағазсыз қызмет көрсетуді бастаған емдеу мекемесінің қалай қызмет көрсететінін бақылады. Емхананың бас дәрігері Камагүл Мұсаходжаева жасалып жатқан жұмыстар барысын баяндады.


  Вице-министр бастаған топ Марат Пашимов басшылық ететін облыстық клиникалық ауруханасының жұмысына, техникалық жабдықталуы мен ақ халаттылардың біліктілігіне жоғары баға берді. Ләззат Мейрашқызы Мұқан Кеңесбекұлының өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытуда зор үлес қосып келе жатқанын алға тартып, еңбегін жоғары бағалады.


  Жергілікті дәрігерлермен кездесу барысында вице-министр алдағы жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, биыл 1 маусымнан бастап ерекше сұранысқа ие мамандардың жалақысы өседі. Нәтижесінде, 29 мыңнан аса дәрігер, 90 мың орта қызметкер, 60 мыңға жуық кіші қызметкердің жалақысы ұлғаяды. Дәрігерлердің орташа жалақысы 146 мың теңгеге дейін, орта қызметкерлердің жалақысы 99 мыңға дейін, кіші қызметкерлердің жалақысы 63 мыңға дейін көбеймек. Бұл бағытқа биыл республикалық бюджеттен қосымша 1 млрд 800 млн теңге бөлінбек.


  Сондай-ақ, Ләззат Ақтаева қалада және ауылда инфрақұрылымды дамыту, амбулаториялық көмекке қолжетімді арттыру мақсатында 2021 жылға дейін алғашқы медициналық-санитариялық қызметтің 595 объектісін салу жоспарланғанын, оның 18-і қалада, қалғаны ауылда салынатынын айтты. 

 

   – 2021 жылға қарай ауылдар медициналық-санитариялық алғашқы көмекпен 100 пайыз қамтылады. Сондай-ақ, аймақта 10 аурухана салынады. Осы мақсатта  республикалық бюджеттен 120 млрд теңге бөлінеді, – деді Денсаулық сақтау министрінің орынбасары.

Рейтинг газеті