Қасымов өсті ме, өшті ме?

Қысқаша

Экс-министрдің Қауіпсіздік кеңесіне келуін сарапшылар сан-саққа жорып жатыр

Безимени-1 копия.jpg

 «Тілсіз жау»  бір отбасыдағы бес баланы ажал құштырып,  жұрт Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Әбілқасымованың отставкіге кетуін талап етіп жүргенде ойда жоқта Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Қызметінен босатылды. Бір жағы бұл өте әділ шешім болған да сияқты. Соңғы ресми мәліметтерге қарағанда, Көктал тұрғын алабында орын алған алапат өртке пеш мұржасының талапқа сай орнатылмауы себеп болған көрінеді. Мұндай мәселелерді қадағалау төтеншеліктердің еншісіндегі шаруа. Ал төтенше жағдайлар жөніндегі құрылымдардың Ішкі істер министрлігінің құрамына кіріп кеткелі қаша-а-н...

  Бірақ Қасымовтың отставкісі «тілсіз жаумен» тіптен байланысты емес сияқты.

  Естеріңізде болса, былтыр жазда Сочи олимпиадасының жүлдегері, атақты мәнерлеп сырғанушы Денис Теннің көліктің айнасын ұрлап, оны сатып күнелткен қаскүнемдердің қолынан қаза табуынан кейін әлеуметтік желі қолданушылар бірінші кезекте қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде қауқарсыз, ұрыларды бетімен жіберген полицияны кінәлап, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың отставкіге кетуін талап еткен. Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің мүшелері де министрге креслоны босатуды ұсынды. Бірақ  министрдің өзі бұған қатысты ешқандай түсінік берген жоқ. Ішкі істер министрлігі отставкі туралы мәселені тек Президент шешетінін мәлім етті. Содан бергі алты айдан астам уақыт өтіпті. Қазақстанның бас полицейінің креслосын сонау 2011 жылдан бері босатпай келе жатқан Қасымовты табан астында не түлен түртті? Бұл сауалға жауап табу үшін алдымен оның өмір жолына үңіліп көрелік.

  Жалпы Қалмұханбет Қасымовтың өмірбаяны қарапайым.  Алматы облысында дүниеге келген. ҚазМҰУ-дың заң факультетін аяқтаған. Болашақ генералдың, Ішкі істер министрдің өмірінде алған білім осы ғана. Еңбек жолын ішкі істер органдарынан бастаған. Тоғыз жыл өзі туып -өскен Іле аудандық милициясында қарапайым тергеушіден, бастықтың орынбасарына дейін өскен. Осыдан кейін Қасымов әр  2-3 жыл сайын қызмет ауыстырып отырады. Тоқтаусыз өсе береді. Қапшағай қалалық ішкі істер бөлімінің басшысы, облыстық криминалдық полиция басқармасының басшысы, Алматы қалалық ішкі істер басқармасы басшысының орынбасары, Ішкі істер  министрлігі криминиалдық полиция департаментінің бастығы, Алматы қалалық полициясының бастығы, кейіннен Алматы облыстық полициясын басқарды, Ішкі істер министрінің орынбасары болды.

  Министр болғанға дейін Шығыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне жетекшілік еткен. Қарап отырсаңыз, Қасымовтың ішкі істер органдарындағы қырық жылдық «қасқа жолы» кісі қызығарлық. Әйтеуір қызметінде бірде-бір мәрте төмендемеген, сәтсіздікке ұрынбаған, бәрі тақтайдай теп-тегіс.

 Қасымов ішкі істер министрі қызметіне 2011 жылдың сәуір айында тағайындалды. Ал осы жылдың 16 желтоқсанында Жаңаөзен оқиғасының орын алғаны белгілі. Бұл жәйт Қасымовтың өмірінде ең ақтаңдақты кезең десек қателеспейтін шығармыз. 18 желтоқсанда Бас прокуратура оқиға кезінде 15 адамның қаза тапқанын мәлім етті. Құрбан болғандардың бәрі де өз халқына қару кезеніп, оқ атқан полицейлердің қолынан қаза тапқандар. 27 желтоқсанда қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін бірнеше лауазымды полицейдің үстінен қылмыстық іс қозғалды. 2012 жылдың мамыр айында олар жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Алайда таңқаларлығы сол, Жаңаөзен оқиғасы  Маңғыстау облыстық, Жаңаөзен қалалық ішкі істер бөлімдерінің басшыларының карьерасына кері әсерін тигізген жоқ. Қайта олардың қызметі де, шені де өсті. Ал Қасымовтың сол кезде ақпарат құралдарына берген сұхбаттарынан көп нәрсені түсіну қиын. Ол бірде полицейлерге оқ ату жөнінде тапсырма бермегенін айтса, бірде жаппай тәртіпсіздік басталған соң полицейлер нұсқауға сәйкес табельді қару қолданғанын айтады. Бірақ Жаңаөзенде полицейлер бейбіт халыққа қарсы оқ атып, адам өлтіруді министрдің санкциясынсыз, өз беттерінше орындады дегенге кісі сене ме? 

  Қасымовтың министрлік дәуіріндегі қаралы беттердің бірі - Арқанкерген шекара бекетіндегі қайғылы жағдай. 2012 жылдың мамырында Алматы облысында 14 шекарашыны және бір орманшыны жалғыз жауынгер Владислав Челах қырып салды дегенге шыны керек әлі күнге дейін ешкім сенбейді. Бірақ сот айыпталушыны өмірлік бас бостандығынан айырды. Қасымов министр кезде Таразда, одан кейін Ақтөбе мен Алматыда террористердің шабуыл жасау оқиғалары орын алды. Көптеген бейбіт халық, полицейлер ажал құшты.

  Қасымов өзі түсінбесе де полицияны реформалардан көз аштырмады. Бұл реформаның қаншалықты нәтиже бергенін қайдам, бірақ сол 2013 жылдан бергі аралықта қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың саны көбеймесе, азайған жоқ. Жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұлдың көлемі еселеп өсті. Кейбір болмашы тәртіпбұзушылық үшін 100 мыңдап айыппұл төлейтін болдық. Тап бір, мемлекет полицейлердің салған айыппұлмен жан бағып, соларға алақан жайып отырғандай күй кештік. Әуел бастан құрылымы түсініксіздеу,  бағыты бұлыңғыр, келешегі күмәнді Жергілікті полицияны құру да Қасымовтың маңдайына жазылған сыбаға болды. Рас, бұл реформа Президенттің әйгілі «Жүз на¶ты қадамындағы» міндеттерді жүзеге  асырудан кейін туындаған. Шетелдік тәжірибені жүзеге асыру үшін 2016 жылдың қаңтарынан бастап облыстарда әкімдердің тағайындауымен жергілікті полиция құрылды. Сол баяғы қылмыстың алдын алу үшін қызмет ететін патрульдік полиция,  кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекторлар жаңа құрылымға бағынды. Бірақ өзгерген түк жоқ. Қайта қоғамдық орындарда жасалатын қылмыс көбейіп кетіп, масқарасы шықты. Ақыр аяғында мұндай құрылымды тарқатып, бәрін бәз-баяғы қалпына келтіру қажет деп шешті.  Айтпақшы,  министрдің өзі журналистерге берген сұхбатында жергілікті полицияның не үшін құрылғанын түсіндіріп бере алмапты. Осыдан кейін-ақ, Қасымовтың қаншалықты реформашыл екенін, берген тапсырмаларды қаншалықты тап-тұйнақтай етіп орындай алатынын байқауға болатын сияқты. Енді биыл облыстарда ішкі істер департаменті мен Жергілікті полицияны қайта біріктіріп, полиция департаментін құру жөнінде реформа басталды.

 Бірақ осыған қарамастан Президент Қасымовты қолдады. Оның жұмысына оң баға беріп отырды. Былтыр қазанда халыққа арнаған кезекті Жолдауын жариялау кезінде Н.Назарбаев Қасымовты ең тәжірибелі полицей ретінде атап өтті.

  -Ол адал әрі адамгершілігі мол жан,- деген болатын Мемлекет басшысы.

  Сарапшылар бұған дейін қасымовтың көп ұзамай отставкіге кететінін, оның Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болуы мүмкін екенін болжап еді. Осы болжам дәл келді. Айта кетері, былтыр заңға енгізілген өзгерістерден кейін Н.Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін өмір бойы атқару құқығына ие болғаны белгілі. Міне, «адал әрі адамгершілігі мол» Қасымов құзыры күшейген осы кеңестің хатшысы болып барды. Мұны сарапшылар сан-саққа жорып жатыр.

  Ал жаңа ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 2012 жылдан бергі аралықта Қасымовтың орынбасары лауазымын атқарған. Яғни, жаңа бас полицей бүйректен сирақ шығармай, бұрынғы бастығының жолын одан әрі жалғастыра береді деген сөз.