Некелескендердің төрттен бірі ажырасады

Қысқаша

Жастар жылының түңлігі түрілгелі жер-жерде, өңір-өңірде жастардың мәселесіне қатысты жиындар, іс-шаралардың қарасы көбейді. Осы жиындардың, басқосулардың жастарға бір жәрдемі тисе жақсы ғой. Құрғақ есеп, қағаз жүзіндегі мәліметтер кімге керек?

  d5a51354d9bbe8ff592b086fecc08d7b.jpg

  Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов «жастар жылындағы» шаралардың бісмілләсін жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтеннің есебін алудан бастады.

   Басқарма басшысының айтуынша,  2018 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысына сәйкес, жастар арасындағы жұмыссыздық 1,6 пайызға төмендеп, 2,1 пайызды құрапты. Жастардың мемлекеттік жастар саясатына қанағаттану деңгейі 77,8 пайызға артқан. Сондай-ақ, былтыр 529 жас «Бизнес бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өтсе, оның 50-і ғана несиеге қол жеткізе алған.

Жиында Асқар Мырзахметов жастар арасындағы ең басты мәселе жұмыссыздық екенін атап көрсетіп, оның шешу жолында барынша күш салуды, басқарманың негізгі міндеті де сол болу керектігін баса айтты. Яғни,  кәсіпкерлікке оқытылған жастардың оннан бірі ғана несие алады, жастар арасындағы жұмыссыздық көп. Бірақ осыған қарамастан жастардың мемлекеттік жастар саясатына қанағаттану деңгейі 77,8 пайызға артқан. Бұл қаншалықты қисынға келеді?

  Өткен жылы Жамбылда 6261 неке қиылса, 1648 неке бұзылған. Бұл дегеніңіз отау құрған жұптың төрттен бірі ажырасып кетеді деген сөз. Тұрғындарының дені қазақы, қазақы қалпы әлі бұзылмаған деген өңір үшін бұл алаңдатарлық жағдай екендігі айтпаса да түсінікті. Былтыр жалпы облыс бойынша 9804 қылмыс тіркелсе, оның 21,3 пайызы яғни 2094-і 18-29 жас аралығындағы жастарға тиесілі. Бұл 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда біршама төмен болғанымен, жастар арасындағы қылмыс Т.Рысқұлов, Талас, Мойынқұм аудандарында арта түскен.

Бекбол -АЛДЫБЕК