Статистика не дейді, Сәбитов не дейді?

Қысқаша

Осы аптада былтыр атқарған жұмыстарының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын берген Түркістан облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Арман Сәбитов «республикада ең арзан азық-түлік бізде» деп мәлімдеді.

Arman_Sabitov-dalanews.jpg

– Еліміздегі тұтыну бағаларының өсімдерін салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, инфляцияның ең төменгі деңгейі Түркістан облысында тіркелді. Атап айтқанда, азық-түлік 5 пайызға, азық-түлік емес тауарлар 6,3 пайызға, ақылы қызметтер 3,2 пайызға көтерілген. Бұл республикалық орта көрсеткіштің ең төмені, – деді басқарма басшысы.

  Алайда Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің осы жуырда жариялаған мәліметтері бұған қарама қайшы келеді.  Комитеттің мәліметінше, республикада бір жыл көлемінде, яғни 2018 жылдың қаңтарынан 2019 жылдың қаңтары аралығында азық-түлік тауарларына баға  5,8 пайызға өскен. Ең ақыры тұзға да баға өскен. Рейтинг бойынша ең арзан ет өнімдері Павлодарда, ең арзан айран, сүт Талдықорғанда, ең арзан шұжық Таразда, ең арзан өсімдік майы Қарағандыда.  Комитеттің келтірген тізбесі бойынша Түркістанда тек алма ғана республика бойынша ең арзан саналады екен.

 Енді қараңыз, өзге облыстарда көп тауар бағасы бізден арзан болса, алмадан басқа арзан ештеңеміз болмаса, керісінше бәрі қымбаттаса, онда Арман Сәбитовтың «инфляцияның ең төменгі деңгейі Түркістан облысында» дегені не сандырақ?

 Сонда Статистика комитетіне сенеміз бе, Сәбитовке сенеміз бе? 

Рейтинг газеті