Досаевтың дегені бола ма?

Қысқаша

Биылдан бастап Қазақстан өзін-өзі мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз ете алады. Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаевтың айтуынша, Қазақстан алғаш рет бензин шығаруда «өз қотырын өзі қаси алатын» елге айналып отыр.

   photo_207848.jpg

- 90 миллион тоннадан астам мұнай мен 55 миллиард текше метрден астам газ өндірілді. Мұнай өңдейтін барлық үш зауытты жаңғырту жұмыстары аяқталды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша негізгі мұнай өнімдеріне бөлшек баға өсімі байқалған жоқ. Биылдан бастап бензин, дизель отыны, авиакеросин мен битумге ішкі қажеттілік қамтамасыз етіледі, - деді Е. Досаев.

   Бұған дейін ішкі нарықта мұнай өнімдері тапшылығының салдарынан бензин жетпей, у-шу болып жататын. Осыған орай төртінші мұнай өңдеу зауытын салу жөнінде бастама да көтерілген.  Алайда Досаевтың айтқан сөзінен кейін мұның енді дымға да қажеті жоқ сияқты. Естеріңізде болса төртінші зауыттың әзірге салынбайтынын былтыр жыл соңында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев да айтқан еді.

  -Төртінші зауыт әзірге салынбайды. Себебі, «ҚазМұнайГаз» Энергетика министрлігінің басшылығымен екі әлемдік деңгейдегі компанияны тартып, «жүргізілген жаңғырту жұмыстарының арқасында 2026-2027 жылдарға дейін бізде жайлы қор» бар деп баян етті. Ал егер біз коммуналдық көліктер мен басқа да көлік түрлерін газға ауыстыратын болсақ, бұл бізге дизельдік отынды 400-ден 500 мың тоннаға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз шамамен 2030 жылға дейін ішкі нарық үшін жаңа қуаттылықтың қажеті шамалы екенін білдіреді, - деген болатын министр баспасөз мәслихатында.

    Дегенмен  төртінші зауыттың артық болмайтындығы айтпаса да түсінікті. Өйткені көрші елдермен салыстырғанда біздегі бензин бағасы төмен. Яғни артық өнімді шетелге сатып, пайда табудың мүмкіндігі жоғары. Бұл енді өз алдына бөлек тақырып. Мәселе онда емес...

   Мәселе Досаевтың «өз бензиніміз өзімізге жетеді» дегені қағаз жүзінде емес, шынайы іске асуында. Әйтеуір, ертең жазғы-күзгі жиын-терім науқанында жылдағыдай тағы да бензиннің бағасы қымбаттап кетпесе жарар еді. Досаевтың дегені бола ма, әлде нарық өз дегенін істей ме? Мұны енді уақытында көреміз.

Рейтинг газеті