Ордабасы ауданында әлеуметтік нысандар ашылды

Қысқаша

Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев алдымен Шұбарсу ауылындағы «Medical center Shubarsu» медицина орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Құрылысы 2016 жылы басталған нысанда жалпы саны 115 станционарлық төсек орын бар. Медицина орталығында терапия, п

1544896486266984.jpg

Түркістан облысында Тәуелсіздік күні қарсаңында бірқатар әлеуметтік нысандар ашылды. Ордабасы ауданында заманауи үлгідегі медицина орталығы мен  «Жастар сарайының» ашылуына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, жұртшылықты мерекемен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев алдымен Шұбарсу ауылындағы «Medical center Shubarsu» медицина орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Құрылысы 2016 жылы басталған нысанда жалпы саны 115 станционарлық төсек орын бар. Медицина орталығында терапия, педиатрия, хирургия және жарақат бөлімі, физотерапия және оңалту бөлімі, күндізгі бөлім, стационар, зертхана және диагностика бөлімі, жедел жәрдем стансасы қызмет көрсетеді. АҚШ, Оңтүстік Корея, Мажарстан, Жапония, Германия және өзге де бірқатар шетелдік және отандық заманауи медициналық құралдармен жабдықталған нысанда 145 адам жұмыспен қамтылған.

Мұнан соң, облыс басшылығы бастаған топ аудан орталығы - Темірландағы «Жастар сарайының» ашылуына қатысты. Бүгінде 20 шақты жас маманды жұмыспен қамтыған ғимаратта болашақта аудан жастары түрлі үйірмелерге қатысып, бос уақытын тиімді пайдаланатын болады.

1544896493324117.jpg

"Тәуелсіздіктің торқалы тойында Ордабасыда халыққа өте қажетті екі нысан ел игілігіне беріліп отыр. Оның бірі - жаңа өзіміз куә болған медициналық орталық болса, екіншісі жастар үшін бой көтеріп, жұмысын бастаған осынау еңселі ғимарат. Баршаңызға белгілі, келер 2019 жылды Елбасымыз "Жастар жылы" деп жариялады. Яғни, келешегі кемел жастарымызға мемлекет тарапынан барлық жағдайды жасау жолында бүгінгі орталық Өздеріңізге аманат. Тәуелсіз еліміздің мәңгілік ел болуға ұмтылған үмітін жалғайтын, сол арманға жеткізетін де Өздеріңіз. Мақсат-мұраттарымыздың жүзеге асуында бүгінгі жастар сарайының Сіздерге тигізер пайдасы мол деп білемін", - деді Жансеіт Түймебаев.

Айта кетейік, Темірлан ауылындағы ескі кинотеатр ғимараты 2014 жылы жергілікті бюджет есебінен жеке меншіктен сатып алынған. Сол кезде аудан әкімінің қаулысымен нысан аудандық "Жастар ресурстық орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгеріміне өтіп, күрделі жөндеу жүргізілді. Бүгінде жаңарған нысан заманауи үлгідегі техникалық базамен толықтай қамтамасыз етілген.