Музейдің көшпелі көрмесі ұйымдастырылды
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК құрамындағы Түркістан аумағындағы ауылдық округтерде орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштердің жай-күйімен танысу, музейдің, қор бөліміндегі құнды жәдігерлерін насихаттау, жергілікті халыққа таныстыру мақсатында 2018 жылдың 2 наурыз күні Шобанақ жалпы орта мектебінде ауылдық округ әкімшілігі мамандарымен кездесу және музейдің көшпелі көрмесі ұйымдастырылды. Іс шараға ауылдық округ әкімшілігінің кеңесшісі Төлеп Рақымжан, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Есей Бағлан, музей қызметкерлері атап айтқанда, Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және есепке алу бөлімінің меңгерушісі т.ғ.к., М.Қ.Тұяқбаев, кітапханашы М.Көпеева, ғылыми қызметкер Шакенов Сәкен, қор сақтаушы Ж.Майлыбава, экскурсовод К.Әсетова, инспектор А.Кәрім қатысты.
Іс-шара барысында М.Тұяқбаев Шобанақ ауылының аумағындағы ескерткіштердің тарихын баяндады. Сондай-ақ Имам Марқозы кесенесі, қазіргі таңдағы ескерткіштердің сақталу жағдайы туралы әңгімелеп тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ ескерткіштерге қатысты заңдар мен нұсқаулар жайлы арнайы әзірленген презентация арқылы таныстырды. Жиын барысында «Ақиқат жолын үлгі еткен даналар мұрасы», «Туған жердің тарихынан сыр шерткен», «Ырысы тасыған ыдыстар» көрмелері ұйымдастырылып, ХVІІІ-ХІХғғ. жататын этнографиялық жәдігерлер және музей қорындағы құнды қолжазба кітаптар топтамасы таныстырылды. Музей жәдігерлерімен қатар, музейдің ғылыми кітапханасының Түркістан және Түркістан өңіріне қатысты тарихи кітаптары да көрмеге қойылды. Сондай-ақ, қор бөлімінің қызметкері Ж.Майлыбаева жиынға қатысушы мұғалімдер мен оқушыларға тарихи құндылығы бар жәдігерлерді болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатында арнайы мамандары бар музей қорына табыстауға шақырды.
Экскурсовод Күнсұлу Әсетова келушілерге музей жайлы, кесене мен жәдігерлер жайлы экскурсия жүргізді. Кітапханашы М.Көпеева музей есебінде сақтаулы кітаптар туралы мәлімет беріп, кез-келген уақытта мектеп оқушыларының тарих, археология, этнография бағыттарында ізденулеріне қажетті мағлұматтармен танысуына болатынын жеткізді. Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтар мен ұсыныстарға қорық-музей мамандары жауап берді. Іс-шара соңында мектеп директоры музей ұжымына өз алғысын білдірді. Музей құрамындағы құндылықтарды насихаттау бағытындағы насихаттау-таныстыру жұмыстары әрі қарай өз жалғасын табатын болады.