Түркістанда шәйнек үлгісіндегі субұрқақ іске қосылады

Қысқаша

Түркістанда шәйнек үлгісіндегі субұрқақ іске қосылады

Screenshot_13.jpg

Әлемді өзіне қаратқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңы туристердің алдымен аяқ басатын ортасы. Демек, бұл шаһарға келушілерге қонақжайлылықты көрсетудің бір үлгісі – шәй ұсыну. Жай ғана шәй емес, дəстүріміздің беріктігін көрсететін қазақы нақыштағы ыдыс-аяқпен ұсынылған шәй. Міне, осы мақсатта, бүгінде қаламыздағы абаттандыру жұмыстары жүзеге асып жатқан "Гүлдер саябағының" іргесінен шəйнек үлгісіндегі субұрқақ іске қосылмақ. Ұлттық оюмен өрнектелген шəйнектен кесеге құйылған шайдың көрінісін бірден аңғаруға болады. Креативті дүние арлы-берлі өткеннің таңданысын туындатып жатқаны да жасырын емес. Бұл туралы қалалық "Түркістан" газеті хабарлайды. 

Түркістан қаласының жазғы климаты өте ыстық болғандықтан, тұрғындар бойұсынса да, келушілердің əрдайым көңілі ауатын құбылысы – ауа-райы. Сондықтан да, демалыс орындарын жандандыруды көздеген рухани мекенде міндетті түрде субұрқақтар саны артатын болады. Нəтижесінде, бой сергітіп отыруға келген тұрғындарға жайлылық пен ыңғайлылық сыйлайды.

Айта кетейік, бұл жоба қала əкімі Рашид Аюповтың бастамасымен іске асып отыр. “Түркістан жарық-тазалық” ЖШС мердігерлік еткен ерекше субұрқақ дəстүрге сай, заманауи əрі елімізде алғаш рет бой көтерді. Мыстан жасалған жаңа фонтанның биіктігі 6 метр, ал ені 7 метрді құрайды. Қағаз бетіне түсірілген тың дүниені шынайы үйлестіруде 15 жұмысшы қызмет етті. Жақын арада толықтай аяқталып, түнгі уақытта түрлі түске еніп, кешкі қаланың ажарын айшықтай түспек.