Түркістанда туристердің қызығушылығын оятатын құнды жәдігерлер көп

Қысқаша

Түркістанда туристердің қызығушылығын оятатын құнды жәдігерлер көп

Screenshot_6.jpg

Кез-келген тарихи нысанның абыройын биік ететін - оның құнды жәдігерлері. Жәдігерлер неғқұрлым көп болған сайын оған деген туристердің қызығушылығы арта береді. Сондықтан да, құнды жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтау өте маңызды. Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық — музейінің қорында  «Альфикх-уль Акбар» – «Ең терең білім» атты кітап сақтаулы. Бұл кітап зор бақылауда.

Кітап ақайыдд–құдайтану ілімі туралы. Кітап-жинақтың «Фикһуль Акбар» бөлігінің авторы Имам Ағзам  699-700 (80 х.ж.) шамасында Куфа қаласында туылып, 767ж. (150 х.ж.) Бағдад қаласында қайтыс болған.

Кітаптың авторы Имам Ағзам Абу Ханифа  азан шақырып қойылған аты ән-Нұғман болғанымен, халық оны «Әбу Ханифа» деп атап кеткен. Ғасырының танымал, беделді, ірі ғалымы болғандықтан халық оны «Имам Ағзам» деп те атайтын. Бағзы замандарда имам деп аса білімді, әрі тақуа кісілер айтылатын. «Имам»– жетекші, басшы, ұстаз, данышпан деген мағыналарды да береді. Ал, «Ағзам» сөзінің айбынды, ең зор, ең үлкен, ұлық, теңдесі жоқ деген мағыналары бар. Шынында да, Имам Ағзам мұсылмандардың жетекшісі, ғалымдардың басшысы, білім мен тақуалықта теңдесі жоқ данышпан, айбынды, әрі ұлық ұстаз еді.

Бұл кітап аса маңызды еңбек. Исламдағы төрт мазхабтың бірі Ханафия мазхабын ұстанушыларға арналған. Ислам діні мұсылман елдерінің территориялық орналасу жағына байланысты мазхабтарға (мектептерге) бөлінген. Мазһаб – араб тілінде «баратын жол», «лайықты көзқарас», мағыналарын білдіреді. Ислам дінінде ханафи, малики, шафиит және ханбали деп аталатын негізгі мазһабтар бар. Ханафия мазхабын Түркия, Татарстан, Сібір, Орта Азияда өмір сүріп жатқан халықтар ұстанады.

Бұл кітапты музей қорына Наманган облысының Үйсін ауданындағы Ленин колхозының тұрғыны Жаллетдинов Камаллетдин өткізген.  Қолжазба 1252х.ж. (1836-37жж.) көшірілген. Көшірушісі белгісіз. Бұл еңбек жинақ кітаптың ішінде берілген. 6 беттен тұрады. Әр бетте 15 жолдан берілген. Настағлик үлгісімен жазылған кітапқа шығыс парағы қолданылған. Тақырыбы қызыл киноварьмен, тексті қара сиямен жазылған. Мулла Мұхаммед Ғалим саххаф тарапынан 1254х.ж. (1838-39жж.) түптелген. Өрнектелмеген. Көркем жазумен жазылған.