Туристерге шығыстық үлгідегі нысандар таңсықТуристерге шығыстық үлгідегі нысандар таңсық

Қысқаша

Туристерге шығыстық үлгідегі нысандар таңсық

rariya_apay05.jpg

АҚШ, Еуропа елдері Орта Азияға шығыстық үлгідегі ғимараттарды, нысандарды көру үшін көптеп келеді. Оларға орта ғасырлардағы Шығыстық үлгідегі нысандар өте қызық. Олар осындай нысандарды көру арқылы рухани демалыс алады. Түркістан қаласы мұндай үлгідегі нысандардан кенде емес. 

Қаладағы "Әзірет Сұлтан" кесенесі маңындағы Шығыс моншасы - халық сәулет өнері ескерткіші. Түркістан қаласында жартылай жер астында салынған көп күмбезді құрылыс. Бұл моншаны қызықтап келетін туристер саны өте көп. Моншаның тарихы олардың зор қызығушылығын оятуда.

Археологтардың  зерттеуі бойынша монша 1580-1590жж. Абдулла хан тұсында кесенеге зиярат етіп келуші көпшілік қауымға арналып салынған. Моншаның жалпы көлемі 17х15 метр, биіктігі 4,8 метр, кірпіштерінің көлемі түгел біркелкі-25х25х5 см. 1975 жылға дейін жергілікті  халық  монша ретінде пайдаланып келген. Монша жартылай жерасты, бес күмбезді, қабырғалары күйген кірпіштен тұрғызылған. Әр түрлі кезеңде, әр түрлі мақсатта пайдаланылған тоғыз бөлмеден тұрады: жуыну бөлмесі, ыстық, салқын су бөлмелері, массаж т.б. бөлмелер. 1979 жылы орта ғасырлық сәулет өнерінің керемет үлгісін болашаққа сақтау мақсатында мұражайға айналдырылды.

Моншаның ішкі жағы сыланған. «Ыстық» залында жуынатын адамның денесін сылауға (массажға) арналған кең тапшаны бар. Тапшандар мен едендерінің аумағы 1,5 x 08 метр мәрмәр қалақтаспен өріліп төселген. Түтін жүретін көмейі мен жылытатын құрылымы еденнің астыңғы жағына орналасқан. Оттықтан шығатын жылу негізгі үлкен залдың сегіз қырлы тапшаны астыңғы жағындағы күмбезді дөңгелек көмейге ағылып келеді де, сол тұстан шеңбер тәрізді арналар жүйесі арқылы басқа бөлмелерге таралады. Ал арналарда жылудың жылдам таралуын тез қамтамасыз ететін арнайы жасалған құдықтары бар. Едендердің еңкіш төсемелері кір-лас суды жинап, оны сыртқа қарай ағызуға мүмкіндік туғызады. Шығыс моншасы 1979 жылы жаңартылып, қайта қалпына келтірілген.