Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» қорық музейінің нумизматикалық жәдігерлер коллекциясындағы Шыңғысхан атымен соғылған алтын ақша бетінде де Ислам дінінің негізгі ұстындарының бірі – «Калима» жазбасы да тиын алаңын түгел ала түсірілген. Осы тиынды көру үшін келетін туристер саны жылдан-жылға артуда.
Тиын музей қорына 2006 жылы келіп түскен. Тиынның салмағы 5.90 г., диаметрі — 22.2 х 21 мм. Қосарланған шеңбер сызықтардан түзілген жиектеменің бедер қалдықтары бар.
Жазбасының бедерлері мен ең төменгі қатарда өрме пішіндегі өрнек-виньетка түскен. Жиектерін бойлай түсірілген жазба бедерлері сақталмаған.
Келесі беті жиектеме ішіндегі алаңға 4 қатар етіп жазба бедерлері түскен.Әдетте, тиын жиектеріне түсіріліп отыратын ақшаның соғылған жылдық жазбасы ақшаның ұзақ уақыт қолданыста болуы немесе ақша соғуға арнап жасалған штемпель беттеріндегі бедерлердің тиын шеңберіне түгел түспей қалып отыруы себебімен көп жағдайда толық сақталмайды.
Алтын динардың негізгі бетінде Шыңғысхан жазбасының бөліктері сақталған. Әлемде Самарқанда соғылған Шынғысхан лауазымы жазылған екі тиын ғана белгілі. Олардың екеуі де Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Эрмитажда сақтаулы. Бұл тиындар жайында кезінде В.Г.Тизенгаузенның жазып қалдырған еңбектері бар. Бірақ біздің қорымызда сақтаулы тиынның типологиялық қатынасы ол тиындардан өзгешерек.
Тиын бетіндегі ﺟﻨﻜﺯ (Женгиз) сөзінің тек ортаңғы екі әрпінің сақталып, алғашқы және соңғы әріптерінің жойылып кетуі, бұл сөздің ﻤﻨﮑﻭ (Менгу-Мөңке) атауы болуы да мүмкін деген ойға жетелейді. Бірақ, Мөңке қаған атымен соғылған тиындарда Менгу атауы тек ﻘﺍﺍﻦ (қаған) лауазымымен ғана беріліп отырған. Ал музей әкімшлігі ұсынып отырған тиындағы ﺟﻨﻜﺯ атауыخان (хан) сөзімен берілген. Сондықтан, бұл дирхемде көрсетілген атау Шыңғысхан болуы керек деген тұжырымға келді.
2004 жылы Отырар аумағынан шамамен хижра жыл санағы бойынша 640-шы жылдары (1240-шы жылдар) көмілген алтын динарлар көмбесі табылған болатын. Көмбе тиындарының көпшілік бөлігі қолды болып кеткен. Музей қорындағы бұл тиын да сол көмбе тиыны болуы мүмкін.
Қаратөбеде (Көне Сауран) жүргізілген қазба жұмыстары кезінде алтын динарлар сынықтары табылған. Бұл табылған алтын ақшалар бөліктері Моңғол шапқыншылығынан кейін де Түркістан аумағында қалалық өркениет жалғасын тапқанына және Отырар мен Түркістан аумағы арқылы Қытайға өтетін сауда жолының барынша қарқынды дамығандығына дәлел бола алады.
Музей әкімшілігі мен ұжымы музей қорындағы осындай құнды жәдігерлерді насихаттау мен келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында сақтауды өзіне зор міндет санайды. Осы мақсатта музей қорларындағы құнды жәдігерлерді цифрлық форматқа көшіру ісі де күн тәртібіндегі ең маңызды міндеттердің бірі болып отыр.