Түркістан туризміне сет-джеттің алар орны ерекше

Қысқаша

Көрерменге ұсынылған фильмнің тапқан қаражаты жайлы сөз бола қалса, кассалық табысты ғана түсім деп білеміз. Ал, шынтуайтына келгенде фильм индустриясы ел экономикасын жандандыра алады.

1558423225553676.jpg

Көрерменге ұсынылған фильмнің тапқан қаражаты жайлы сөз бола қалса, кассалық табысты ғана түсім деп білеміз. Ал, шынтуайтына келгенде фильм индустриясы ел экономикасын жандандыра алады. Мысалы,  2016 жылы Таиландта 700-ден астам шетелдік фильм түсірілген.  Нәтижесінде елдің түсірілімдерден тапқан  кірісі 23,3 млрд. бат (67,5 млн доллар) құрады. Әлемдегі әр бесінші турист барар жерін фильм тамашалау арқылы таңдайды екен. Тіпті оларға орайластырып терминология да бекітілген.

Соңғы уақытта сет-джеттер ( set-jetter –фильмде көрсетілген яки кітапта айтылған орынға баратын адам) туристердің саны артқан. Оңтүстік Корея «Ханзада Жумонг» секілді сериалдары арқылы туристер санын 40%-ға арттырған. Географиялық орналасуы мен табиғаты әсем Исландия 2008 жылы рекордтық деңгейдегі құлдырауды бастан өткерген. Арада 10 жыл өткен соң,  Bloomberg  Исландия кронасын  "әлемнің ең үздік валютасы" деп атады. Неліктен? Себебі, туризм деңгейі 2010 жылдан бастап 2018 жылға дейін 386% - ға өскен. Исландияда түсірілген «Тақтар ойыны» фильмінің танымалдығы туризм деңгейінің жоғары көрсеткішке жетуіне ықпал етті. Исландияға «Тақтар ойынының»  жанкүйерлері әсерін арттыру мақсатында жиі саяхаттайды екен. 

Қазақстанның кинотуризмдегі нәтижесімен таныс болғымыз келген. Десек те, «Борат» фильмі, «Бүк пен шік» телешоуының негативті миссиясынан соң біздің деңгей көңіл көншітерлік көрсеткішке ие емес екен. Қазақ даласының  табиғатының әсемдігі, тарихи мұралардың жақсы сақталғандығы туристерді өзіне қызықтырушы фактор. Бұл орайда, елімізде кинотуризм үшін сапалы фильмдер түсірілуде. Мысалы, 2018 жылы ЮНЕСКО-ның «Ұлы Жібек жолы ескерткіштері» аталымы бойынша әлемдік мәдени мұралар тізіміне енген  ортағасырлық 8 ескерткіш (Сауран қалашығы, Түркістан, Сидақ, Қараспан, Жуантөбе, Күлтөбе, Отырар оазисінің ескерткіштері, Бөржар қорғаны) туралы тұңғыш рет деректі фильм түсірілді. Тарихи-мәдени мұраларымызды насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында түсірілген «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая республика көрермендеріне ұсынылды. Содан соң жуырда ғана тұсауы кесілген «Төле би» 10 сериялы фильмі көрерменге жол тартты. Барлығының мақсаты -Түркістан қаласындағы тарихи мұраларды насихаттау жолында түйіседі. 

Түркістан облысы мен Қазақстанның киелі жерлері картасына енген нысандар туралы ағылшын, қытай,  қазақ және орыс тілдерінде арнайы роликтер және Ontustik TourAudio мобильді қосымшасы әзірленіп, туристер жиі баратын  35 туристік нысанда және 100 монументтік өнер ескерткіштеріне QR-кодтар орнатылған. Сонымен қатар, виртуалды 3 бейнеролик әзірленіп, VR-құрал жабдығы арқылы 360 градуста киелі орынды тамашалауға мүмкіндік жасалған. Түркістан облысындағы қасиетті, киелі орындар мен туристік маңызы бар ескерткіштерге 21 бағытта туристік маршруттар ашылған.  Бұл-  Түркістан туризмінің жандануына әсер ететін факторлар. 

Сет- джеттерлерді тек кино арқылы емес мультихикая арқылы да тартуға болады. Мысалы,  Норвегияның табиғи көрікті жерлері  «Суық жүрек» мультфильмінде көрсетіледі. Картинаның танымалдығы мемлекеттік жобаларға қарағанда туристерді тартудың тиімді құралы болған. Норвегияның Фьорданың басқарушы директоры Кристиан Юргеннің айтуынша, Тролтунга табиғатын көруге келетін туристердің саны басым. Жылына мың адамнан келетін аймаққа қазір  жүз мыңнан аса турист келеді екен. Тіпті  "Суық жүрек" мультфильмінің желісі бойынша арнайы туристік круиз бар. Анимациялық таспаның кейіпкерлерінің қатысуымен шоу круиз  лайнердің бортында өтеді. Борттағы мейрамхананың мәзірі де мультфильмдегідей. Норвегтер ұлттық асханасына басымдық бермеген. Мысалы, дастархандағы ақ шоколадтан Олафтың бейнесінде  десерт әзірленген. «Азаулының Стамбұдан несі кем?» демекші, елімізде әлемдік бәсекеге төтеп беретін мульттер жарыққа шығуда. Мысалы, 2018 жылы көрерменмен қауышқан  «Мұзбалақ» мультфильмі саятшылықты насихаттауға негізделген. Қоюшы-режисер Тілек Төлеуғазының айтуынша,  Мұзбалақта Бурабай, Жұмбақтас, Оқжетпес, Шарын шатқалы, Жетісу, Алатау, Айғайқұм секілді аймақтардың анимациялық бейнесі қамтылған. Ту биікте самғаған Мұзбалақ азаттыққа шығып қазақ даласының биігінде қалықтайды. Ресейде өткен «Отбасымен бірге» халықаралық кинофестивальде «Мұзбалақ» көрерменнің көзайымына айналған. Қазақ даласына сапар шеккен шетелдіктер режисерлерге келіп, туындыға жылы лебіздерін білдірген екен. Рухани астана-Түркістан да анимациялық бейнеден құралақан емес. Жақында ғана Сақ киностудиясы кішкентай көрермендеріне арнап, «Түркістан» анимациялық фильмін ұсынған. Мультфильм 2 D форматпен 25 минуттық көлемде жарыққа шығып бүлдіршіндер тарапынан жылы қабылдаған.  Түркістан аймағын қамтитын туындыда кішкентай балақайдың ерлігі баяндалады. 

P.S. «Көшпенділер», «Жау жүрек 1000 бала» секілді халықаралық додаларда ел үмітін үкілер фильмдердің миссиясы байқауда жүлде алумен шектелмейді. «Қазақ хандығы. Алтын тақ», «Алмас қылыш»  фильмдері қазақтың тарихын, мәдениетін, салты мен табиғатын паш етеді. Кассалық табыстан тыс, кинодан  көрдім деп елге туристер келсе, қандай керемет?Димаштың концерті үшін келген шетелдік көрермендер біздің руханиятты қалай сілкінтсе, рухани астанаға сет-джеттердің келуі де сондай эффект берер еді. Бюджеті жоғары фильмдерден күтеріміз көп...