Рашид Аюпов: «Алдағы 3 жылда туристер санын 10 миллионға жеткізсек деген мақсатымыз бар»

Қысқаша

Рашид Аюпов: «Алдағы 3 жылда туристер санын 10 миллионға жеткізсек деген мақсатымыз бар»

Screenshot_17.jpg

Ер Төстік секілді күннен-күнге өсіп келе жатқан Түркістан қаласының туристік әлеуеті мол. Оған дәлел, Түркістанға саяхаттап келуші туристер саны жылдан-жылға артуда. Осы қарқында түсіріп алмаған абзал. Биыл Түркістан қаласының жаңа әкімі болып Рашид Аюпов тағайындалған болатын. Рашид Абатұлы бүгінде қаланың туристік әлеуетін арттыру мақсатында бірқатар жұмыстарды қолға алды. Жақында ол журналистерге берген сұхбатында қаладағы туристік ахуал жөнінде ой-пікірлерімен бөлісті. 

– Бүгінде кәсіптен, табыстан, салықтан, жер сатудан, шетелдік азаматтарға қызмет көрсетуден, басқадан түсетін түсімдердің бәрін қосқанда Түркістан қаласының бюджеті 5,2 миллиард теңгені құрайды. Республиканың және облыс әкімдігінің қолдауымен көрсетіп жатқан дотация 98 пайыз! Яғни, алдағы екі-үш жылда қаланы дамытуға өте мұқтажбыз. Келешекте сол облыстың беретін 98 пайызын Түркістанға келетін туристер есебінен толтыруымыз керек. Әлемдік тәжірибе бойынша әрбір турист 100 АҚШ долларын қалдырады деп есептесек, кемінде екі күн Түркістанда аялдайтын жағдай жасасақ, 200 доллар деп есептеуге болады. Былтыр 1 миллион 200 мың турист келгенін ескерсек, қала өз бюджетін өзі толтыруы үшін 10 есе, кемінде туристердің саны 20-30 миллионға жетуі тиіс. Оған мүмкіндік бар. Ол үшін математикалық есеппен кәсіпкерлікті қолдап, дұрыс пайдалануымыз керек. 

Турист үшін не маңызды? Қалаға келгенде ыңғайлы, жайлы және қауіпсіз жағдай жасалуы керек. Адами факторларды бодырмау, алдын алу үшін Түркістанда камералар орнатып жатырмыз. Қазан айына дейін қаламызда 500 бейнекамера болады. Оның ішінде аналитикалық ойлау қабілеті бар, жасанды инетеллектімен қазірше 10 пайызын қосамыз. Жақсы нәтиже беріп жатса, барлығын қосатын боламыз. Яғни, көңіл-күйіңіз болмай тұрса, компьютер өзі анықтауы керек. Әрбір камера тұрған жерге көмек сұрайтын белгілер орнататын боламыз. Бүгінде «Қауіпсіз қала» бағдарламасы іске қосылып, сол бойынша қалада адамдарды көшенің кез келген тұсынан емес, белгіленген орындардан өткізу, үйрету, жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Негізінде бұл бағыттағы үлкен жұмысымыз – тұтынушының жол жүру картасы. Турист Түркістанға келмей тұрып барлығын білуі керек. Мысалы, вокзалдан қалаға қарай шыққанда нақты қандай бағыттағы қоғамдық көлік қайда баратынын, қай жерде ақшасын айырбастауға болатынын, қай жерде дәріхана барын, қайда қандай кафе бар екенін, бағасы қанша екен білуі тиіс. Осындай қажетті дүниелердің бәрін түзетіп реттеп, келесі жылы туристердің қатарын 2-3 миллионға жеткізсек, соның өзі үлкен жетістік. Негізінде алдағы 3 жылда 10 миллионға жеткізсек деген мақсатымыз бар. Осы болжам жүзеге асқанда қаламыздың экономикасына қан жүре бастайды, - деді қала әкімі.