Түркістандық қариялар қаланың тазалығына ат салысты

Қысқаша

Түркістандық қариялар қаланың тазалығына ат салысты

Screenshot_11.jpg

«Қаланың көркіне көрік қосу әр тұрғынның міндеті». Осындай қағиданы ұстанған түркістандық ақсақалдар да бүгін сенбілікке шықты. Ондағы мақсат рухани шаһардың тазалығы мен экологиялық жағдайын жақсарту. Шараға облыстық ақсақалдар алқасы мен Қазақстан халық Ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңесі ұйытқы болды.

«Қазіргі таңда облыс орталығы 16 секторға бөлінгенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Оған әр қала, аудандар және басқарма мен бөлімдер рет-ретімен бөлініп, шаһардың гүлденуіне өз үлестерін қосуда. Қаламызда бұрын 8 мөлтек аудан болса, бүгінде сол мөлтек аудандардың санын 16 ға көбейттік. Әр ауылға ауыл төрағасын сайлап, осы сынды қоғамдық жұмыстарға бірлесе атсалысудамыз»,- деді облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов. Осы арқылы қаланы таза ұстап, туристерге жағымды әсер сыйлауға болады. 

Халық арасында «Түрік поселкасы» атанып кеткен «Бекзат» мөлтек ауданына қарасты аймақ тұрғындары бүгінгі себілікке таң атысымен кіріскен. Нәтижесінде Ә.Науайы, Б.Қойшыбаев, П.Ахметов көшелері тазаланып, ретке келтірілді. Темір жолдың жиегі мен көше бойлары тазаланып, шөптері шабылды. Игі істің бастамашысы болып жүрген жанның бірі, ауыл биі Усейн Медедов. Өзіне тиесілі 350 үй мен 4000-ға жуық жанға басшы болған ел ағасы тұрғындарды тазалық жұмыстарына шақырып, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп бұл игі іске білек сыбана күш салуда.

Ал Ә.Науайы көшесінің тұрғыны Шарипа Бектаева болса, бүгінгі сенбілікке отбасымен бірге қатысуда. Өзі бұрындары Түркістанның тазалық саласынан зейнетке шыққан көпбалалы ана ұл-қыздарымен бірге көше бойын тазалауда. «Әрбір жан сенбі сайын өз ауласын тазаласа, қаламыз көркейер еді»,- дейді ол.