Түркістан асханалары қатаң бақылауда

Қысқаша

Түркістан асханалары қатаң бақылауда

Screenshot_29.jpg

Туристі тартуа негізгі әдіс-тәсілдердің бірі - асхана саласын жолға қою. Асы дәмді, дәмі тіл үйіретін тағамдары бар мемлекетке туристер ағылатыны белгілі. Түркістан Орта Азиялық үлгідегі ас мәзірінен кенде емес. Келген туристі ыстық палау, кәуап, шайымен баурап ала алады. Дегенмен бұл жерде санитарлық талапты естен шығармаған абзал.

Осыған орай жақында Түркістандағы мәдениет үйінде Түркістан қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының ұйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу», «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы НҚА және тексеру жүргізу тәртібі», «Мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талаптар» атты семинар өтті.

Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтық сауаттылығын арттырып, тұрғындарға адал қызмет етуді мақсат тұтқан жиынға басқарма басшысы Марат Байтүгелов, Түркістан қаласы прокурорының орынбасары Жандос Бегалиев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бас маманы Эльнур Абдулмавланов және өзге де мамандар, кәсіпкерлік, білім бөлімдеріне қарасты қызметкерлер қатысып, тақырып аясында түрлі мағлұматтарға қанықты.

Мамандардың сөзінше, мектеп, балабақшадағы асхана жүйесі санитарлық талаптарға сай болуы керек. Осы ретте семинарға қатысқан аспазшылар  асханаларда шоколад сынды тәттілерді сатуға тыйым салу тиімсіз екенін айтты. Бұл мәселе бойынша жауапты тұлғалар сатылуы тиіс және сатуға болмайтын тағамдардың тізімі мен қағидасы барын алға тартты. Ал, қазір асханаларға тек қолдан пісірілген тағамдарды сатуға келісім берілген.

Сонымен бірге, мемлекеттік қызметшілердің келуші мен әріптестері алдындағы міндеттері де айтылды. Қазіргі қызметкер алдына келген әрбір жанға сыпайы жауап, мәдениетті сөз, нәтижелі жұмыс көрсетіп, үлгі бола білуі керек. Ал, қоғам дағы ең өзекті мәселе болып табылатын сыбайлас жемқорлықпен күресу – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екені мәлім. Осы ретте, пара алу мен пара беру және ортада делдал болу – сыбайлас жемқорлықтың айғағы екендігін және ол заңмен қудаланатынын естен шығармайық.