Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов Отырар ауданы және Түркістан қаласына арнайы іссапармен келді. Нұрғиса Мұратұлы киелі, рухани ордаға жасаған сапары барысында "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің Сапар орталығы, Қожа Ахмет Ясауи музейінің құрылыс жұмыстары және Күлтөбе қалашығында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары мен Күлтөбе қалашығының цитаделімен танысты.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Түркістан қаласындағы тарихи - мәдени орындарды зерттеу және қайта қалпына келтіре отырып туристер назарына ұсыну мақсатында қолға алған жобасын Қазақ ғылыми зерттеу мәдениет институты жүргізіп жатқаны белгілі. Жыл басынан бері қазақ және қоқан хандығы дәуіріндегі қабаттарды терең зерттеген археологтар тарихи іздену жұмысын үш жыл бойы жалғастырады.
-"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты 27 гектар аумақ 3 жылға бөліп қарастырылған. Биылғы жылы 9 гектар жерді анықтауымыз тиіс. Қазақ, қоқан хандығы тұсындағы үйлердің орны және қаңлы, түргеш қағанатына тиісті көптеген жәдігерлер анықталуда",- деді археолог Серік Ақылбек.
Ендіні кезекте ортағасырлық Күлтөбе қалашығын ашық аспан астындағы музейге айналдыру бағытында консервация және реставрация жұмыстары қарқын алмақ.
Аталған орындарды аралап, жұмысшылармен тілдескен вице-министр Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, бабалар рухына тағзым жасады.
Сонымен қатар, кесене күмбезін қайта жаңарту, үлкен ақсарай бөлмесін жабдықтау жұмыстарымен танысып, шығыс моншасы және ортағасырлық Сауран қалашығын аралады.
Тарихи төл іздері сақталған көне қаланың орны және қайта жаңарту жұмыстарымен танысқан Нұрғиса Мұратұлы туристерге қолайлы жағдай жасап, қаншама ғасырлардан бері берік қалпынан айнымай ғасырлар сырын паш етіп тұрған ғимараттар орны мен қамал және жәдігерлерді жандандыру бойынша тиісті жұмыстар қолға алынатынын жеткізді.