Түркістандық кәсіпкер сауап іс жасады

Қысқаша

Түркістандық кәсіпкер сауап іс жасады

fc3168800b6212189a89e1e92d0f3cfd.jpg

Түркістан қаласында тегін киім-кешек және азық-түлік тарататын дүкен бар. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арналған ғимараттан мұқтаж азаматтардың өздеріне қажетті тауарларын таңдап алуға мүмкіндігі бар. Игі іске облыстық ақсақалдар алқасы мен қалалық қоғамдық келісім кеңесі ұйытқы болды. Ал, демеушілер – облыс аумағындағы мекемелер, оқу орындары және жеке азаматтар.

Қос қоғамдық ұйымның қолға алған ісіне қолдау көрсеткен кәсіпкер Нуриддин Шамшиев қала орталығындағы 340 шаршы метрді құрайтын ғимаратын тегін пайдалануға берді. Жол бойында орналасқан нысан тұтынушылар үшін өте қолайлы. Іші кең, жарық әрі қаланың орталығында орналасқан.

– Біз сауап істі бастадық. Жақын күндері дүкенді ашып, ел игілігіне пайдалануға береміз. Қаладағы 8-шағын- ауданның төрағасы, орынбасары, көше биі, аула алқасы кімнің тұрмысы төмен екендігін жақсы біледі. Солардың берген тізімдеріне сәйкес қажетті азық-түлік пен киімдерді тегін таратамыз. Оның барлығының есеп-қисабын алып, тіркеп отырамыз, – дейді Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов.

Тегін зат беретін дүкен тұтынушылар үшін тек сәрсенбі күні сағат 15.00-ден кешкі сағат 19.00-ге дейін жұмыс істемек. Ал, демеушілер үшін есік әрдайым ашық. Азық-түліктерді бөлу жайын ақсақалдар алдын-ала жоспарлап алған. Арнайы құрылған комиссия отбасы мүшелерінің санына орай тауарларды бөліп береді.