Балалар Түркістан аспанын әнге бөледі

Қысқаша

Шараға кішкентай көрермендердің жүрегін жуалап алған "Қалқанқұлақ" фильмінің басты әртістері Нұриман Әділхан мен Ерсұлтан Сіргебай да ән шырқады

Screenshot_15.jpg

Түркістан облысының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы жастардың шығармашылығына ғана емес балалардың өнерін дамыту жолында да тер төгіп келеді. Осындай айтулы шаралардың бірі таяуда «Жеңіс» саябағында өтті.  

 Түркістан облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, облыстық Мәдениет және халық шығармашылығы орталығы «Балдәурен» концерттік бағдарламасын  ұйымдастырды. Мерекелік шараның ерекшелігі сахнадағы өнерпаздар тек жасөспірімдерден құралды. Өңіріміздің барлық аудан, қалаларынан келген жас дарындар патриоттық және балалық шақ жайлы белгілі композиторлардың әндерін шырқап, би биледі.

Шараға кішкентай көрермендердің жүрегін жуалап алған "Қалқанқұлақ" фильмінің басты әртістері Нұриман Әділхан мен Ерсұлтан Сіргебай да ән шырқады. Жас өнерпаздар  белгілі аниматор, режиссер Батырхан Дәуренбектің сөзіне жазылған Қанат Қалқатайдың «Қалқанқұлақ» әнін орындап, көрермендердің ықыласына бөленді.

     «Балдәуренді»  тамашалауға 5000-нан аса қала қонақтары мен тұрғындары жиналды. Шара барысында ертегі кейіпкерлері киімін киген театр әртістері балалармен бірге ойын ойнап, қиял - ғажайыптар әлеміне бойлатса, бүлдіршіндерге арналған аттракциондар да балғын балаларды шат-шадыман күйге бөледі. «Концертке немерелеріммен келдім.  Балалардың қуанышты жүздерін көріп, ерекше әсерге бөлендім. Бүлдіршіндерге арналған қандай тамаша әндер бар. Бәрі қосыла шырқап жүр. Балаларымыз дәл осындай бақытты сәтке мәңгілік бөлене берсін. Жүздерінен қуаныш кетпесін!",- дейді  қала тұрғыны Ұмсынай Қадырова.

 Айта кетейік,   шараның мақсаты -  «Жастар жылы» аясында дарынды балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығына қолдау көрсету, оларды отансүйгіштікке баулу, ұлттық рухта тәрбиелеу, қолдау көрсету және аудан, қалалардағы мәдениет үйлері мен клубтарда даярланып жатқан жас дарындарды таныту, үлкен сахнада тұсауын кесіп, қала халқына мерекелік көңіл - күй сыйлау.     Сахнада өнер көрсеткен балалардың арасында  облыстық, республикалық байқауларда топ жарып жүрген жүлдегерлер де бар.