Түркістан облысы бойынша 1 791 201 электронды денсаулық паспорты жасақталды. Бұл өңір халқының 98 пайызын құрайды. Сондай-ақ, облыстағы барлық медицина қызметкері ақпараттық жүйе бойынша оқытылып, 290 668 азамат мобильдік қосымшаны пайдаланған. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев мәлімдеді деп хабарлайды облыс әкімінің баспсөз қызметі.
Сонымен қатар, электрондық медициналық жазулар саны 1 701 891-ге жетіп, еңбекке жарамсыздық парағы электрондық нұсқада 52 563 адамға берілген. Аудандық, қалалық емханаларда 20 цифрлық көмек посттары ашылып, онда 408 201 адам оқытылды.
Басқарма басшысының айтуынша, облыстағы медицина ұйымдарының жабдықталуы 65 пайыздан асқан.
– Биыл медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жабдықталуына 8,1 млрд. теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артып отыр. Бірінші кезекте ана мен бала, жансақтау, ота жасау, жедел жәрдем қызметін күшейтуге және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыруға басымдық беріліп отыр. Бұдан өзге, Түркістан қалалық емхананың және Түркістан қаласындағы 610 төсек орынға арналған облыстық көпсалалы аурухананың, сондай-ақ облыстық туберкулезге қарсы және онкологиялық орталықтардың құрылысын жүргізу, Түркістан қаласында облыстық жедел жәрдем стансысын жаңғырту және пайдалану жобалары жоспарлануда, – деді Мұқан Кеңесбекұлы.
Оның мәлімдеуінше, 2018 жылы облыста 15 ауылдық емхана мен 5 дәрігерлік амбулатория 20 Бастапқы медициналық-санитариялық көмек (БМСК) болып қайта құрылған. Сонымен қатар, Кентау, Сайрам, Сарыағаш аудандарында 3 инсульттік орталық ашылып, облыстық бюджет есебінен 3 дана компьютерлік томограф сатып алынды.