Ж.Түймебаев: Түркістанды жаңғыртуға шақырамын!

Қысқаша

Ж.Түймебаев: Түркістанды жаңғыртуға шақырамын!

Шымкентте Қазақстан мен Өзбекстан Республикаларының арасындағы өңіраралық бірінші ынтымақтастық форумы болып өтті. Қос мемлекеттің делегацияларын Бірінші Премьер-Министрлер Асқар Мамин мен Ачилбай Раматов бастады деп хабарлайды Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. Форумның басты тақырыбы - шекара маңындағы сауда-саттық пен инвестициялық және экономикалық қатынастарды дамыту. 
   Басқосуда тараптар кең ауқымды мәселелерді, соның ішінде, Қазақстан мен Өзбекстанның іскер топтары мен өңірлері арасында өзара тиімді және практикалық ынтымақтастықты жолға қою мәселелерін талқылады. Бұдан басқа, экономиканың шикізаттық емес секторларындағы екіжақты өзара іс-қимылды дамытуға, екі елдің экспорттық əлеуетін ұлғайтуға назар аударылды.  Сонымен қатар, форумда Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бүгінгі іс-шара Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара ынтымақтастық пен берік байланыстарды, достық қарым-қатынасты қалыптастыруға тағы бір қадам екенін атап өтті. "Қазақстан Президенті Түркістанның дамуына айрықша көңіл бөледі. Бүгінде Түркістан облысы - қуатты экономикалық әлеуеті бар қарқынды дамып келе жатқан аймақ. Өңірдің іскерлік климаты жергілікті кәсіпкерлер үшін де, шетелдік инвесторлар үшін де тартымды. Түркістанда "TURKISTAN" арнайы экономикалық аймағы құрылды. Онда инвесторларға артықшылықтар мен жеңілдіктер қарастырылған. Мүмкіндікті пайдалана отырып, Сіздерді біздің 1500 жылдық тарихы бар ежелгі елордамыз - Түркістанды жаңғыртуға шақырамын. Біз облысымызды дамытуға бағытталған кез келген жобаны жан-жақты қолдауға әзірміз. Бұл форум тиімді алаңға қызмет етіп, жаңа іскерлік байланыстарды орнату үшін жаңа серпін беретініне сенімдімін!", - деді өңір басшысы Ж.Түймебаев.

     Сонымен қатар, аймақ басшысы бүгінгі таңда Түркістан облысының экономикасын дамытудың негізгі драйвері болып табылатын үш басым бағыт айқындалғанын атап өтті. Оның біріншісі - туризмді дамыту болса, екіншісі - агроөнеркəсіптік кешенді қолдау және үшінші басымдық - логистика және транзиттік әлеует болып отыр.