Қазақ-өзбек шекарасы нығайып келеді

Қысқаша

Қазақ-өзбек шекарасы нығайып келеді

26.jpg

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин бастаған топ іс сапармен Түркістан облысына арнайы келді. Делегация құрамында бірнеше министрліктің өкілдіктері бар. Олар қазақ-өзбек мемлекеттері арасындағы экономикалық әріптестік ынтымақтастықты нығайтудың мәселелерін қарастырды.  Астанадан келген жұмыс тобына аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев шекара бойындағы кеден бекеттерінің жұмысын таныстырды. Алдымен олар «Б.Қонысбаев» кеден бекетінде болды. Реконструкциялаудан өткен нысан автокөліктерді өткізуге арналған. 2016-2017 жылдары азаматтарды өткізу қабілетін арттырып, қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында «Жібекжолы» бекетінің жаңа автовокзалын да аралап көрді. Мұнан соң, қазақстандық делегация Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ачилбай Раматов бастаған жұмысшы топпен кездесті. Мұнда олар жүктерді өңдеу уақыты мен азаматтардың шекарадан өту процесін бақылады. Ол үшін екі ел арасындағы тиімді сауда – экономикалық тауар айналымын арттыру мүмкіндігін талқылады.

Айта кетейік, екі ел арасындағы экономикалық әріптестік қарым - қатынас уақыт өткен сайын нығайып келеді. Шекарадағы алыс – берістің  көрсеткіші ұлғая түскен. Мәселен, 2017 жылдың 5 айында «Жібек жолы» бақылап өткізу бекетінен 2млн 4 мыңнан  астам азамат шекара асқан. Биылғы жылдың сәйкес кезеңінде  бұл көрсеткіш 4млн 200 мыңға жуықтаған. Өткен жылы 9277 жеңіл автокөлік өткен болса, ағымдағы жылы 34915-ке жеткен. Одан бөлек, жыл басынан бері жолаушылар тасымалымен айналысатын маршрут іске қосылып, нәтижесінде 1283 автобус Қазақстан аумағына кірген.