15 шілде күні Мәскеудегі "Лужники" стадионында футболдан әлем чемпионаты ресми түрде жабылды. Финалдық ойын Франция мен Хорватия арасында өтті. Ойында есеп автоголмен ашылып, Франция алға шықты. Матчтың 28-минутында Перишич қарсылас қақпасына гол соғып, есеп теңестірді. 38-минутта пенальти тепкен француз Гризманн есепті 2:1-ге жеткізді.
Ойынның екінші таймында Хорватия футболшылары шабуылды үдете түсті. Алайда 59-минутта Погбаның соққан добы Хорватия қақпасына дөп тиіп, есепті алшақтата түсті. Франциялық футболшылар мұнымен тоқтап қалған жоқ, 65-минутта 19 жастағы Мбаппе өз командасында төртінші гол авторы атанды. Осыдан кейін хорваттар есеп теңестіру үшін барын салды. 69-минутта Манджукичтің соққан добы голға айналып, есепті қысқартты. Осыдан кейін Хорватия футболшыларында қаншама мүмкіндік болса да есеп 4:2 күйінде қала берді.
Айта кетсек, Хорватия әлем чемпионатының финалына алғаш рет шығып отыр. Ал Франция өз тарихында екінші рет чепмион атанды. Әлем біріншілігінің қола жүлдесін Бельгия құрамасы иеленді.