Шымкентте өзге өңірлерге қарағанда өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер көп-ақ. Өңірдің әлеуеті мен экономикасына үлес қосып отырған бизнесмендердің ішінде әйелдердің де үлес салмағы басым. Сән, кондитерлік саланы айтпағанда ауылшаруашылығы саласын дамытып отырған нәзік жандылар көпке үлгі бола алады. Енді қаладағы іскер әйелдер 10 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие ала алады. Жеңілдетілген несиенің жаңа бағдарламасын нәзік жандыларға «Қазақстан Халық Банкі» АҚ ұсынып отыр. Бұл бастама «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жүзеге асырылуда. Күні кеше сала мамандары күнгейлік ханымдарға жаңа бағдарламаның талаптарын жан жақты түсіндіріп берді.
Несиенің жылдық пайызы небәрі 5 пайызды құрайды. Осы салада нәпақасын айырып жүргендер бұл өте тиімді дейді. «Халық банкі» әйелдер бизнесін, олардың стартап жобаларын, айналым капиталын қаржыландыратын болады. «Бұл жерде компания 1 миллиард теңге көлемінде қаржы беріп отыр. Халық банкі арқылы беріледі. Әр кәсіпкерге 10 миллион теңгеге дейін береді. Жылдық пайызы – 5 пайыз. 7 жылда құтылады»,- дейді . «Атамекен» ҰКП Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Данияр Дәрмен. Жеңілдетілген несиеге жыл соңына дейін кем дегенде 100 адам қол жеткізуі тиіс. Банк өкілдері болса қомақты қаражат кез — келген салада жүрген қыз-келіншектерге берілетінін айтып отыр.