Жаңа форматтағы жұмыспен қамту орталығы сыбайлас жемқорлықтың алдын алады

Қысқаша

​Жұмыспен қамту орталықтарында бармақ басты, көз қыстыға жол бермеу аса маңызды. Себебі, жұмыс іздеген адамнан пара дәмету – сорақы заңбұзушылық болып табылады.

Жұмыспен қамту орталықтарында бармақ басты, көз қыстыға жол бермеу аса маңызды. Себебі, жұмыс іздеген адамнан пара дәмету – сорақы заңбұзушылық болып табылады. Сол себепті де, өңір тұрғындарының құқығын қорғап, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алған жөн.  
Осыған орай, кеше Шымкент қаласында Астананың 20 жылдығына орай жаңа форматтағы жұмыспен қамту орталығы ашылды. Қала тұрғындары үшін пайдалануға берілген орталық Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы шеңберінде жүзеге асып отыр. Айта кетерлігі, онда «Жұмыспен қамту және әлеуметтік қызмет түрлерін бір терезе қағидасы» бойынша қызмет көрсету үшін бірнеше мекеме топтастырылған. Атап айтқанда, Халықты жұмыспен қамту орталығы, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен кәсіпкерлік бөлімі, сондай-ақ Азаматтарға арналған үкімет Мемлекеттік корпорациясы ОҚО бойынша филиалы жұмыс істеуде. Нәтижесінде, мекемелер бір-бірімен тығыз жұмыс істей отырып, бір-бірін қадағалайды. Бұл арқылы сыбайлас жемқорлықтың болуына жол берілмейді. 
Орталықтың жұмысымен танысуға барған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев азаматтарға цифрлық форматта көрсетіліп жатқан қызмет түрлеріне қанық болды.  Ондағы қала тұрғындарымен тілдескен аймақ басшысы Жансейіт Қансейітұлы аталған бағыттағы жұмыстарды тағы да жандандырып, xалықтың көңілінен шығатындай етіп қызмет көрсетуді тапсырды.
Бүгінде Халықты жұмыспен қамту орталығы толығымен цифрлық форматта жұмыс істеуде. Атап айтқанда, Электронды анықтама, Өз-өзіне қызмет көрсету аймағы,  Call center және Цифрлы кабинет қызметтері бар.