ҚР Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жемқорлықпен күрес мәселесіне ерекше назар аударылған. Өйткені, тәуелсіз еліміздің өркен жаюына, Президент белгілеген стратегиялық мақсаттарға жетуге кедергі болатын бірден бір мәселе – жемқорлық. Елбасы атап өткендей, соңғы 3 жылда республикада жемқорлық қылмысы үшін 2500-ден астам адам сотталған. Осы уақыт ішінде олардан мемлекетке келтірген залалы үшін 17 миллиард теңге өндіріліп алынған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Сол шаралардың бірі «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Қазақстан Республикасының заңы. Бұл заң ТМД елдері арасында бірінші рет жалпымемлекеттік деңгейде сыбайлас жемқорлықпен күреске бағытталған заңдылық нормаларды белгіледі. Бірақ, заңда сыбайлас жемқорлықтың субъектісінің нақты анықтамасының, ал ең бастысы, осы заңды қолданудың құқықтық механизмнің болмауы қиындық туындатқан еді. Осыған орай сыбайлас жемқорлықпен күрес жайлы заң нормалары бірнеше рет өзгеріске ұшырады
Ал, 2009 жылы Президенттің «Қазақстан Республикасындағы қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Жарлығы шықты. Онда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған көптеген нақты шаралар қарастырылған. Атап айтқанда, мемлекеттік органдардың, мемлекеттік ұйымдардың және мемлекеттің қатысу үлесі бар ұйымдардың басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді іс-қимыл жасау жауаптылығы белгіленеді.
Қазақстан Республикасының 2014 жылы қабылданған Қылмыстық кодексі сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі бойынша қазіргі заман талаптарына толығырақ жауап береді. Кодексте сыбайлас жемқорлық қылмыстарының нақты тізбегі және оған жауапты болатын тұлғалардың түсінігі берілген.
Елбасының биылғы Жолдауында да бұл мәселеге ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, Жолдаудың тоғызыншы бағытында жемқорлықтың алдын алу жөнінде айтыла келіп: «Мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңызды болып саналады. Атап айтқанда, азаматтар өз өтініштерінің қалай қарастырылып жатқанын көріп, дер кезінде сапалы жауап алуға тиіс» делінген.
Расында мемлекеттік қызметтерді цифрландыру арқылы сыбайлас жемқорлық фактілерінің туындау қауіпін төмендете аламыз. Бұл бағытта облыста бірқатар іс-шаралар атқарылып жатыр. Атап айтар болсақ, облыста электронды түрде қызмет алу тәсілдері туралы мемлекеттік және ресми тілдегі бейнероликтер дайындалып, «memkyzmet.kz» сайтына және мемлекеттік органдар мен ЖОО-ның қызметкерлерінің 26 716 дербес компьютерлеріне орналастырылды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаменті тарапынан халықтың көп шоғырланатын ХҚКО, теміржол вокзалы, әуежай, автобекеттерде, автобустар мен қала көшелеріндегі үлкен LED экрандарда электронды қызмет алудың оңайлығы мен оны үйден шықпай-ақ алу мүмкіндіктерін түсіндіретін бейнероликтері көрсетіліп, тұрғындар барынша қамтылуда.
Облыста жемқорлықпен күрес жұмыстары мемлекеттік қызметшілерді жазаға тарту емес, керісінше құқықбұзушылықтардың алдын-алуға бағытталған. Облыстық Әдеп жөніндегі кеңесте қаралатын профилактикалық мәселелердің үлесі артқан. Мәселен, 2016 жылы қаралған 91 істің 8-і профилактикалық мәселелер болса, былтыр қаралған 117 істің 49-ы профилактикалық мәселелердің үлесі. Нәтижесінде, қаралған мәселелердің үлесі 5 есеге өскен. Сондай-ақ, «Адал жол – честный путь» сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафоны өңірімізде алғаш рет өткізілуде.
Осы орайда айта кетерлігі жемқорлықпен күрес барынша нәтижелі болу үшін оған бүкіл қоғам болып жұмылуға тиіспіз. Иә, әлемде ешқандай мемлекет сыбайлас жемқорлықты түбімен жойып жібере алған жоқ. Бірақ, кейбір дамыған елдерде жемқорлықтың деңгейі барынша төмендетілген. Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру-дамыған елдердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының маңызды элементтерінің бірі болып саналады.
Мысалы, Сингапур мен Гонконгты айтуға болады. Сингапур бүгінде сыбайлас жемқорлық деңгейін азайту, экономикалық бостандық және басқарушылық деңгейі бойынша әлемдік рейтингте жетекші орын алады. Онда мемлекеттік қызмет меритократия, бейтараптық, қоғамға есеп беру, адалдық, жемқорлыққа қарсы тәртіптілік негізінде жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметті дарынды, қабілетті қызметшілермен қамтамасыз ету үшін мектеп қабырғасындағы келешегі зор, озық оқушыларды анықтап, оларды оқу барысында қолдап, университеттерге түсу үшін шәкіртақылар тағайындап, шетелдерде оқыту мәселесіне көңіл бөлген. Сингапурдің мемлекеттік қызметінде ең дарынды, әрі қабілетті, білікті мамандар жұмыс істейді.
Қорыта айтқанда, биыл ақпан айында Транспаренси Интернешнлдің 2017 жылғы сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексі (СТИ) ресми жарияланды. Жарияланған мәліметтерге сәйкес әлемнің 180 елінің арасында Қазақстан 122 орынды иеленді. Әрине, бұл әлі де мақтанып айтарлық нәтиже емес. Дегенмен, 2016 жылмен салыстырғанда еліміз өз көрсеткіштерін 9 позицияға жақсартып отыр. Осылайша, жемқорлық барынша жайлаған әлемдегі 50 мемлекеттің қатарынан шығып, сыбайластықпен күрес орта деңгейде жолға қойылған мемлекеттердің қатарына қосылдық. Демек, мемлекеттің сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге бағытталған іс-шаралары біртіндеп нәтижесін беруде. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретіні анық.
Бақыт АХЫМБЕТОВ,
ОҚО ішкі саясат басқармасы
басшысының міндетін атқарушы