Атадан балаға мирас төл өнерді қазіргі таңда дарынды жастар кеңінен жалғастыруда.
«QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасының «Men Qazaqpyn» телевизиялық мега жобасының іріктеу кезеңіне Сайрам ауданынан 16 өнерпаз, Түлкібас ауданынан 8 өнерпаз қатысып, тағылымды терме мен күмбірлеген күйді ел жүрегіне жеткізе орындады. Қос аудандағы домбыра мен қобызды серік еткен кіл мықты өнерпаздар ішінен 12 үміткерге облыстық байқауға жолдама берілді.
"Байқау шартына сәйкес 40 жасқа дейінгі төл өнерді дәріптеушілер ғана іріктеп алынды. Қасиетті өнердің қаймағы-қазақтың жыр-термесі мен күмбірлеген күйі. Бұл өнерді насихаттауда алдыңғы буын өнер майталмандары да ел ішінде көп"-дейді, Сайрам аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы С.Темірбаев.
Байқаудың басты мақсаты — қазақ xалқының төл өнері, соның ішінде жыр-термелер мен күйлерді бүгінгі заман талабына сай жаңартып, өскелең ұрпаққа жеткізу.
Байқауға қатысушылардың 18 бен 40 жас аралығындағы өнерлілер қатыса алады. Сондай-ақ, саxнаға шығатын өнерпаздардың киімі қазақы үлгіде әрі бүгінгі заман талабына сай болуы да тиіс.
Өнер додасының облысымыздағы ақтық кезеңі 5 маусым күні Шымкент қаласында өткізіліп, аймақтан ән, күй, терме жанрлары бойынша 3 жеңімпаз тамыз айында республикалық жарысқа аттанып, өңір намысын қорғайды.
М.Сабыр