Шымкентте қорғасын зауытының алып құбыры құлауы мүмкін

Қысқаша


Осы мәселе бойынша Шымкент әкімдігінде шұғыл жиын өтіп, нысанның апатты жағдайда тұрғаны туралы шешім қабылданды.



Шымкентте қорғасын зауытының алып құбыры кез-келген уақытта опырылып құлауы мүмкін, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі otyrar.kz порталына сілтеме жасап.

Аталған мұнараны қайта монтаждау дұрыс болар еді. Алайда, жергілікті атқарушы биліктің мұны орындауға мүмкіндігі болмай отыр. Себебі, мұнара қорғасын зауытының барлық мүлкімен бірге банкте кепілде тұр.

Бұрынғы зауыттың орнынан қорғасын іздеп, бала-шаға қамымен жүрген азаматтар бұл істерді қаншалықты қауіпті әрі заңсыз екенін жақсы түсінеді. Алайда, бала-шағаны асырау керек екенін алға тартады.

Зауыт аумағында барлық жерді аударып тастаған лом жинаушылар сыртқы түрі мұнараға ұқсас алып құбырға да жеткен. Олар биіктігі 70 метр нысанның төменгі тұсын «кеміріп» тастаған. Ал, егер бұл мұнара құлайтын болса, онда ол жақында орналасқан үйлерді ғана емес, стратегиялық маңызы бар нысандарды да зақымдауы әбден мүмкін.

Осы мәселе бойынша Шымкент әкімдігінде шұғыл жиын өтіп, нысанның апатты жағдайда тұрғаны туралы шешім қабылданды.

Алайда, банкте кепілде тұрғандықтан мұнараны құлатуға әкімдік қауқарсыз. Қаржы институты қауіпті нысанды құлатуға қарсылық білдірмегенімен, қазір осыған қатысты шығындарды кім көтеретіні мәселе тудырып отыр.

ТЖ қызметінің өкілдері мәлімдегендей, қазіргі уақытта тәуелсіз сараптама мұнара мен тағы бір қауіпті нысан – теміржол үстінде тұрған ескі көпірді құлату шығыны қанша болатынын есептеп қойған.

Жұмысшылардың зауытқа қатынауын жеңілдету үшін арнайы салынған көпір қазіргі уақытта әбден тозған, ілініп зорға тұр. Егер ол құласа, 60-тан астам жолаушы және жүк пойызының жолы кесіледі. Сонымен қатар, дәл осы жол арқылы Арыс, Шымкент, Түркістан, Мәскеу бағыттары бойынша пойыздар жүреді.

Жергілікті әкімдік қазіргі уақытта зауыт аумағына полицияның күшейтілген құрамын кезекшілікке қойды. Алдағы уақытта тараптар бір мәмілеге келеді деген үміт бар.