Отырартөбеге күзет қойылады

Қысқаша

Айта кетейік, ежелгі Отырар қаласының орны – бүгінде ашық аспан астындағы мұражай. Мұнда 30 мыңға жуық экспонат бар. Яғни Отырартөбеге келетін шетелдік туристер де аз емес.

Отырар ауданында  826 ұсақ шаруашылықтады біріктіретін 48 ауылшаруашылық кооперативтері құрылған.  Сондай-ақ, ауданда ағымдағы жылы жаңа индустриалды аймақ құру жоспарланып, қазіргі таңда 97 гектар жер қарастылып отыр. Құрылғалы отырған индустриалды аймақтың жалпы құны — 1 млрд. 359 млн. теңге. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарымен өткізілген  брифингте аудан әкімі Ерлан Айтаханов мәлімдеді.

Отырар.png

«Сыбаға»,  «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша өткен жылдың қорытындысымен 29 млн. 300 мың теңгеге 2069 бас  мал  алынып  меже  артығымен орындалған. Биыл аталмыш бағдарламалар аясында 3200 бас мал алу жоспарлануда. Осы жетістіктерінің арқасында аудан облыс деңгейінде  мал және егін шаруашылығықтарынан өнім алудан алғашқы орындарды  иеленіпті.

Қазақстан әлемдік нарыққа уранды  жеткізуден дүние жүзінде үшінші орында тұрғаны белгілі.  Еліміздегі уран өндіретін кен орындарының бірі -«Заречное»  Отырар аудан­ында  орналасқан.  Аталмыш мекеменің жұмысына кезінде қарапайым халық қарсылық білдірген болатын. Кен орнының қоршаған ортаға зияны турасында экс- сенатор Қуаныш Айтаханов та  кезінде баспасөзде пікірін білдіріп,  мақалалар жариялаған болатын.  Алайда аудан әкімі Ерлан Айтахановтың пікірінше, кен орнының зиянынан гөрі пайдасы мол. «Кез-келген кәсіпорын ол «Заречное» болсын немесе тағы да басқа кәсіпорын белгіленген заңға сәйкес жұмыс істейтін болса, қоршаған ортаға зиян келтірмесе, біз қолдау көрсетіп отырамыз. Егере жұмыс сапасыз жүргізілсе немесе қоршаған ортаға өзінің зиянын келтіретін жағдайлар орын алып жатса бірінші кезекте  дабыл қағатын да біз боламыз. Енді тек қана жаман жағын айтпай, оның жақсы жағын да айту қажет. Мысалы, кәсіпорын  аудан  бюджетіне айтарлықтай үлесін қосып,  өңір тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп келеді», — дейді аудан әкімі.

Сондай-ақ өткен жылы мыңдаған турист ағылатын әйгілі Отырартөбедегі сектанттардың ерсі әрекеттері бейнеленген видео желіні біраз шулатқан болатын. Қасиетті орында еркегі де, әйелі де бірінен соң бірі төбеден домалап түсіп жатқандығы жергілікті тұрғындардың ашуына тиіп еді. Сол тұста «Отырартөбе жынойнаққа айналған ба?», «Бұл сектанттар ойына келгенін істей бере ме?»,  «Шетелдік туристер қазақтарды мәдени құндылықтардың қадірін білмейтін жабайы ел деп айтпай ма?» деген сауалдардың көбейгені жасырын емес. Біз қойған сұраққа жауап бере, осындай әңгімелерге нүкте қойған аудан әкімі бүгінде Отырар ауданда діни ахуалдың тұрақты екенін жеткізді. «Былтыр Отырартөбеде келеңсіз жағдайдың орын алғаны рас. Бұл адамдардың сауатсыздығынан, санасыздығынан болған әрекет. Қазір ауданда теріс ағымды ұстанушылар әлдеқайда азайған. Бұл салаға жауапты мамандардың, құзырлы органдардың сапалы жұмысының нәтижесі. Қазіргі таңда туристік аймақ болып саналатын Отырартөбеде абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Әлгіндей әрекеттердің қайталанбауы үшін ол жерді үнемі бақылауда ұстап отырамыз. Алдағы уақытта киелі жерге полиция пункті орнатылып  күзет қойылатын  болады »,- деді Ерлан Қуанышұлы.