Кәсіпкер болу әр адамның қолынан келеді. Десек те, тек өз мүмкіндігіне сене білген, алға ұмтылған азамат небір сыннан сүрінбей өтіп, биік белестерді бағындыра алады. Бизнес әлемінде емін-еркін еңбек етіп, өз ісіңді нәсіп ету үшін не істемек керек? Үйренуден жалықпай, оқып-машықтану, іздену, білім алу, тәжірибе жинақтау – біздіңше, ең басты қағидаттар осы... Осы орайда Q4 business school спикерлері «[Ж]ЕТІСТІК» атты жобасын Шымкент қаласынан бастады. Жоба Сәукеле салтанат сарайында 500-ге жуық кәсіпкердің қатысуымен өтті.
Қазіргі таңда мемлекет кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға үлкен көңіл бөліп, оның өркендеуі үшін оңтайлы жағдай жасалуда. Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Туған жер» бағдарламасын қолға алу туралы тапсырма берген болатын. Осы бағдарлама негізінде Жақсылық Үшкемпіров ағамыз күллі Қазақстандағы кәсіпкерлерді туған ауылдарына жәрдем беруге шақырғанын да мәлім. Тұңғыш Олимпиада чемпионы өзінің туған ауылы Мыңбай елді мекеніне жасаған игі істері арқылы халыққа үлгі болды. Осы бастаманы қолдай отырып, Q4 Business School «[Ж]ЕТІСТІК» (Етістік-Жетістік) жобасын іске асыра бастады. Тың бастама оңтүстік өңірден бастау алды. Келген менторлардың қатарында Қайрат Құдайбергенов, Талғат Сақанов, Мейірбек Жұмабеков сынды танымал жеке кәсіпкерлер бар.Спикерлердің айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысы басқа өңірлерге қарағанда еңбекқорлығымен, бизнестегі озық идеяларымен ерекшеленеді. Сол себепті жобаны жүзеге асыруда шырайлы Шымкент алғашқылардың бірі болып таңдалған. Мастер-класс барысында Q4 Business School спикерлері арнайы 5 кәсіпкерді іріктеп алып, 1 ай бойы олардың тікелей кәсібінің жүруіне көмектесе тәлімгерлік етеді. Жобаның басты ерекшелігі осында. Өзге жобалар тек теория түрінде үйретсе, ал «Етістік-Жетістік» жобасы аясында тәжірибе жүзінде көмек көрсетіледі.
«Бизнес саласында арнайы білім береміз. Жобаның мақсаты 5 кәсіпкерді іріктеп алып, айы бойы кәсібін дөңгелетуге көмектесу. Бір айдан кейін осы залда жобаны қорытындылаймыз. Идеясы мықты кәсіпкерлерге инвестор тауып серіктестікке айналысуға да мүмкіндік бар. Үлкен жоба болғалы тұр. Себебі күллі республиканы аралап жобаны жүргізетін боламыз. Бизнесте тек қана еңбекпен жетістікке жетуге болады. Оның басқа жолы жоқ. Арманнан іске көшетін кез-келді. Бүгін біз Шубарсу ауылында болып қайттық. Жастар белсенді болып отырмады. Өз ойларын ашық айтуға тартынды. Жастарға өзін артқа тартпай тек алдыға ұмытылуға шақырамын»,- дейді Q4 кәсіпкерлік мектебінің негізін салушы Талғат Сақанов.
Сонымен қатар форумда бизнес жоспардың маңыздылығы айтылды. Елімізде экономикалық реформа жүргізген кезде, яғни нарықтық экономикаға көшуде өрескел қателіктер жіберілген. Жоба жеткшілерінің айтуынша, қателіктер алдын ала ойластырылып жоспарланбағанның салдарынан болған. Кеңестік экономикада жоспарлау халық шаруашылығын баскарудың басты құралы болды. Ол әдісті бүкіл алдыңғы қатардағы капиталистік елдер қолданып, дүниежүзілік дағдарыстан құтылды. 1994 жылы Жапонияның миллиардері Хираса Теравами Қазақстандағы жағдаймен танысып: «Біз сіздерден ештеңе түсіне алмадық. Біз уақытында сіздің жоспарыңызды алып оны икемді нұсқаулармен толықтырдық, ол біздің елде жемісті жүмыс істеуде. Ал енді қарасақ, сіздер жоспардан бас тартыпсыздар. Уақытында сіздер ақылды болдыңыздар, ал біз, жапондықтар, ондай болмадық. Енді біз ақылды болдық, ал сіздер бес жасар сәбиге ұқсап кетіпсіздер»,- деген екен. Хираса Теравами айтқандай, қазіргі жағдайда Қазақстанда қайтадан ұлттық шаруашылықты стратегиялық болжау мен жоспарлауды қолға алу басты бағыт. Кәсіпкерлік істе көпшілігі жоспарлау керегі жоқ деген ұғымға келеді. Ол мүлдем дұрыс емес, дейді Q4 Business School спикерлері. Ойлаған ойдың негізделуін және күтілген қорытындының берік болуын іске асыру үшін шет елдер тәжірибесі және логика кәсіпкерлік істі жоспарлау керек екендігін көрсетеді. «Еңбек ерлікке жеткізер. Ерлік елдікке жеткізер»,- демеп пе еді дана халқымыз. Бүгінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын жаңа тетіктерді игеру – өз өмірімді өзгертіп, өз деңгейімді өсірем, өз болашағымды қалыптастырам деген азаматтың бірден-бір ізденіс жолы. Ең бастысы қатардан қалмай ұмтылу керек және оқып-білуден, үйренуден шаршамау керек. Сенбесеңіз, бізбен бірге байқап көріңіз», - дейді бизнес-форум спикерлері.