Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Украинада тұтқынға түскен 3 қазақ жігітіне қатысты түсініктеме берді деп жазады qazreiting.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бүгін Сенатта БАҚ өкілдері одан: «Үш қазақ баласының тұтқынға түскені туралы видео тарады, төлқұжаттары Қазақстандікі. Олар Қазақстанға экстрадициялана ма әлде Ресейдің тұтқын алмасуын күтеміз бе?» - деп сұраған еді
Бас прокуратура өкілі аталған видеоны көргендерін, олардың Украинада екенін айтты.
- Бұл мәселе толығымен зерттеледі. Видеода өздері айтқан мағлұматқа қарағанда олардың соғысқа қатысу үшін барғаны анық. Тағы қайталап айтамын, бізде 170-бап, 172-бап бар. Сол баптардың төңірегінде олардың ісі қаралады, - деді Ғалымжан Қойгелдиев.
Сонымен қатар ол осы жайтқа байланысты Украина тарапымен еш байланысқа шықпағанын атап өтті.