Шымкентте ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 2 мыңға жуық тұрғыны бар Шаңырақ шағынауданында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жаңа- «Дария-Медикус» алғашқы санитарлық-медициналық көмек орталығы ашылды. Емхананың ашылу салтанатына қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысты.
Бір ауысымда 550 кісі қабылдай алатын емханада алғашқы медициналық-санитарлық, консультативті-диагностикалық, күндізгі стационар, физиотерапия, оңалту секілді көмек түрлері көрсетіледі. МРТ, КТ, рентген, маммография және өзге де заманауи үлгідегі медициналық құрал жабдықтар орнатылған.
Реабилитациялық бөлімше сұранысқа ие және өзекті бағыттар бойынша, атап айтқанда пульмонология, кардиология, неврология, травмотология, ортопедия және пассивті, биологиялық кері байланысы бар интеллектуалдық жүйелермен жабдықталған. Науқастарды қолдау қызметі мен аудиттің белсенді жұмысы халыққа медициналық жәрдем беру сапасын, қол жетімділігін бақылауға мүмкіндік береді.
Емхананы аралап көрген қала басшысы: «мемлекеттік-жекеменшік әріптестік медицина саласында да оң нәтижесін беруде. Мұндай кешендер қала аумағын медициналық қызметтермен толық қамтуға мүмкіндік береді. Бүгінде мегаполисіміз еліміздің медицина орталығына айналу мүмкіндігіне ие. Ол үшін денсаулық сақтау мекемелерін медициналық өндіріс орындарымен байланыстыра отырып, білікті кадрлар дайындау мәселесіне аса көңіл бөлуіміз қажет» -деді.
Бұл медициналық орталық іргелес жатқан Шаңырақ, Базарқақпа, Абдулабад, Тұрдыабад, Бадам-1, тұрғын алаптарының 25 мыңдай тұрғынына да қызмет көрсетуге қауқарлы. Емхана Шаңырақ шағынауданы 249-жер телімінде орналасқан.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі