Жанболат Мамайдың мұнысы шектен шыққандық емес пе?

Қысқаша

Жанболат Мамайдың мұнысы шектен шыққандық емес пе?

Тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасын жасағанын хабарлады. Ата заңның жобасы партияның сайтында жарияланды.  

Screenshot_11.jpg

- Бұл құжатта көптеген маңызды дүниелер бар. Біріншіден, кез келген диктатураға қарсы шығуға халықтың құқы қарастырылған. Қандай да адам не саяси топ билікті заңсыз узурпациялаған жағдайда, ел оған қарсы көтеріліске шыға алады. Бұл АҚШ-тың Тәуелсіздік декларациясында көрсетілген нормаға ұқсас. Яғни, диктатураны болдырмаудың бірден бір жолы. Біреу да уыс ұрлап, сайлау нәтижесін бұрмаласа, конституцияға сәйкес халық жаппай алаңға шығып, биліктің отставкасын талап етеді. Екіншіден, президенттің билігі шектелген. Оның құзыреті де, сайлауға түсе алатын реті де азайды. Президенттің заң шығару мәселесінде вето қою мүмкіндігі де төмендеді.  Үшіншіден, парламент екі палаталы емес, бір палатадан тұрады әрі оның құзіреті кең. Парламент сайлауы 50/50 пайызбен: яғни жартысы партия тізімімен, жартысы өзін өзі ұсыну бойынша өтеді. Төртіншіден, Қазақстан ешқандай одақтарға, конфедерацияларға бірікпейді, шетелдің әскері ел аумағында орналастырылмайды. Бесіншіден, мемлекет астанасына тарихи маңызы бар, әр қазаққа қастерлі саналатын — Алаш Орда атауы беріледі. Бұдан өзге де аса маңызды мәселелер Конституция жобасында қарастырылған. Оқып шығып, пікір білдіріңіздер. Ойларыңызды қосыңыздар, - деп жазған партия төрағасы.

Ата заңның жаңа жобасында Парламент-Ұлттық Құрылтай деп аталады. Президент бес жылдан артық отырмайды. Яғни, бір адамның президент сайлауына екінші қайтара түсуіне болмайды. Президенттің   отбасы  мүшелері мен оның жақын туыстарына  мемлекеттік қызмет атқаруға болмайды, сондай-ақ,  мемлекеттің  қатысуы бар кәсіпорындарда басқарушы қызметке тағайындала алмайды.  

Бұл жоба Жанболат Мамайдың жеке «туындысы» ма? Әлде оны сарапшылармен ақылдаса отырып  жасады ма?  Бұл туралы төрағаның өзі ешқандай түсініктеме бермеген. Осыдан кейін  Жанболат Мамай үшін елдің Конституциясы ойыншық болғаны ма? Бұл шектен шыққандық емес пе? 

Айтпақшы, Демпартияның жетекшісі кезекті митингіні 6 шілдеге белгілеп отыр.  Бұл жолғы тақырып қымбатшылық және сол баяғы қытай экспансиясына қарсылық.